«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЧИДЕН – АСТАНАҒА Өңіріміздің кәсіпорындары ХІІ форумға қатысты

Сочиде “Агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету” тақырыбымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өтті. Оған Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, сондай-ақ, салалық министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері, Қазақстан және Ресей өңірлерінің басшылары қатысты. Солардың ішінде өңір басшысы Ерік Сұлтанов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы да болды.

Форумда “Агроөнеркәсіп саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының перспективалары” мамандандырылған көрмесі өтіп, онда 12 солтүстікқазақстандық компания: “Зенченко және К” КС, “Сұлтан” АҚ, “Казмясопродукт” ЖШС, “Пасека Кызылжар” ЖШС, “DEZ” ЖШС, “Фрегат” ЖШС, “Маслодел” ЖШС, “Молпродукт” ЖШС, “Петропавловский завод БН” ЖШС, “VizaviCompany” ЖШС, “Фирма Алекри” ЖШС және “Североказахстанская опытная станция” ЖШС өздерінің өнімдерін қойды. Кәсіпорындар сүт, ет, ұн және кондитер өнімдерін әкелді. Көрмеге қойылатын барлық өнімдер Сочиге күні бұрын арнайы рефрижераторлармен жеткізілді.

Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында форум үнқатысу алаңы ретінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының тиімділігі мен маңыздылығын дәлелдегенін айтты.

“Солтүстік Қазақстан облысының форумға қатысуы жаңа инвестицияларды тартуға, инновациялардың өсуіне және тұтастай алғанда өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына жақсы серпін беретініне сенімдімін”, – деп атап көрсетті Ерік Хамзаұлы.

Форумда, сондай-ақ, шекаралас ынтымақтастық бойынша Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің отырысы өтіп, онда делегаттар азық-түлік және өнеркәсіп тауарларының импорт алмасуы саласындағы ынтымақтастығының проблемалары мен перспективаларын талқылады. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыс басты шара болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин форумға қатысушыларды құттықтады. Елбасымыз өзінің сөзінде азық-түлікті ең тұрақты валюталардың бірі деп айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Ресей агроинновациялар орталығын құруды ұсынды.

Өз кезегінде Владимир Путин Ресейдің импорт алмасу мәселесіне басым назар аударатынын және қазақстандық әріптестермен тығыз өзара байланысқа даяр екендігін атап көрсетті.

Содан кейін Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлері сөйледі, екі ел өңірлерінің басшылары шекаралас ынтымақтастық туралы айтты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов біздің өңіріміздің Ресейге бидай экспортын жылдан-жылға арттырып отырғанын атап көрсетті. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2,5 есе өсті.

“Біздің облысымыз жыл сайын алыс және жақын шетелдерге орта есеппен 1,5 миллион тонна астық, 150 мың тонна ұн, 200 мың тоннадан аса майлы дақылдар тұқымдарын жөнелтеді. Солтүстікқазақстандық диқандар биылғы жылы жақсы астық өсірді. Қазір астық жинау науқаны қарқынды өтуде. Алдын ала есептер бойынша 5 миллион тоннадан аса дәнді дақылдар жинап алу жоспарланды. Біз бүгінгі астық жинау науқанында тұңғыш рет өзімізде өндірілген жаңа техниканы қолданудамыз: үстіміздегі жылдың шілде айында Петропавлдың “КазТехМаш” зауыты астық жинайтын комбайндарды шығаруды жолға қойды. “КазТехМаш” өз өнімін жетілдіруді, болашақта оны бізде ғана емес, Ресейде де өткізуді көздеп отыр. Біздіңше, озық технологиялар бойынша тұғырлы бүріккіштер шығаратын “AVAGRO” компаниясының да белгілі бір экспорттық әлеуеті бар. Соңғы екі жылда техниканың 400-ден аса бірлігі өндіріліп, оның бір бөлігі “Ресей Федерациясына экспортталды”, – деді Ерік Хамзаұлы.

Ол, сондай-ақ, мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті, қайта өңдеу кәсіпорындары жұмысының ерекшеліктері, Ресейдің қалаларымен көлік қатынастарының жолға қойылған ынтымақтастығы мен перспективалары туралы айтып өтті.

“Транзиттік әлеуетті дамыту мақсатында Қызылту станциясынан қашықтығы 100 шақырым Русская поляна станциясына дейін “Көкшетау-Барнаул” темір жолының бұзылған учаскесін қалпына келтіру мәселесі қарастырылды. Бұл Батыс Сібір темір жолын Орталық Қазақстан магистраліне қосуға мүмкіндік береді. Соған қоса, Түмен облысымен белсенді өзара іс-қимыл жасалып келеді. Солтүстік Қазақстан облысын газбен қамтамасыз ету жөнінде облыс басшылығымен және “Газпром” АҚ-ның өкілдерімен болған кеңестен кейін мәселені Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының қарауына енгізу туралы бірлескен шешім қабылданды. Аз инвестициялық шығындар жұмсай отырып, соның ішінде Оңтүстік Қазақстаннан Ресей Федерациясының шекаралас өңірлеріне жемістер мен көкөністер жеткізу бойынша Солтүстік Қазақстан облысында көлік-логистикалық орталықтарын ұйымдастыруда ынтымақтастықтың үлкен перспективалары жасалды”, – деді Ерік Сұлтанов.

Өңірлік ынтымақтастықтың келесі, ХІІІ форумы Астанада өтеді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp