«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЧИДЕН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

 

Оқушылар сарайының биотехнология және гидропоника үйірмесінің қатысушысы Анжелика Самосенкина Ресейдің Жаратылыстану академиясы ұйымдастырған “Ғылымдағы Старт” халықаралық байқауында топ жарды. 

Аталмыш додаға Ресей, Белоруссия, Украина, сондай-ақ, әлемнің өзге де елдерінен 18 пән бойынша ғылыми-зерттеу және шығармашылық бағыттағы 2 мыңнан астам жоба ұсынылған. 2500-дей үміткердің арасынан өз білімін дәлелдеу жерлесімізге оңайға түспепті. Анжелика “Ағаштың екінші өмірі” деген тақырыптағы жобасын біраз уақыт бойы дайындаған. Ол қазылар алқасының алдында табиғи қорларымыздың сарқылуын жаһандық проблемаға теңеп, орман ресурстарын қалайша сақтап қалу керектігі жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салған. Бүгінде бұл мектеп оқушысының қағазды екінші рет пайдалану тәсілін өңіріміздегі бірқатар балабақшалар ұтымды пайдаланып келеді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері қолданыста болған қағаздардан түрлі бұйымдар жасап, іске жаратуда.

Анжеликаның айтуынша, жобаға кілең мықтылар қатысқан. Оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту, зияткерлік әлеуетін анықтау, жастарды өздігінен жұмыс жүргізуге бағыттау мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесі бойынша Анжеликаның еңбегі бірқатар танымал журналдарда жарияланбақ.
Үздік жобаны әзірлеуде оқушыға дұрыс бағыт-бағдар берген оқушылар сарайының ғылыми жетекшісі Дина Мәжитова да қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, ұлы географ Васко да Гама атындағы медалімен марапатталды.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp