«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҒЫЛДЫ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Кезекті оқу жылы аяқталды. Білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылып, оқушылар мектеппен қоштасып, түлектер жаңа өмірге қанат қаққан сәт туды. Биыл 25 мамыр жексенбі – демалыс күніне тұспа-тұс келгендіктен, әр мектеп соңғы қоңырауды өздері таңдаған жұмыс күндері өткізді.

Өткен оқу жылында облыс аумағында 444 мектеп жұмыс істеп, онда 73 996 оқушы білім алған. Олардың 3642-сі – мектеп бітіруші түлектер болса, 6 930 оқушы алғашқы білім баспалдағы – 1-сыныпты сәтті тамамдады.

Соңғы қоңырауы қызықты әрі танымды болуы үшін барлық мектепте бірыңғай форматта «Білімім – Отанымa!» атты республикалық сынып сағаты өткізілді. Сынып сағатында оқушылардың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыру, тұлғалық және танымдық дамуын жетілдіру бағытында мазмұнды диалогтар өрбіді. Іс-шара оқушылардың жыл бойы алған білімі мен дағдыларын қорытындылауға, әрі қарайғы бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік берді.

Білім беру мазмұнын тәрбиелік бағытпен ұштастыру мақсатында аталған күні мектептерде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында эссе байқаулары ұйымдастырылды. Байқау арқылы жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыру, құқықтық сауаттылығын тереңдету және адалдық қағидаттарына негізделген дүниетанымын қалыптастыру көзделді.

Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия қабырғасынан 27 түлек қанат қақпақ. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектерге облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова жылы лебізін білдірді.

– Сіздерді білімді де парасатты, жаңаша ойлайтын, болашағын айқындайтын жас буын ретінде танимыз. Қазақстанның лайықты азаматтары атанасыздар деп сенемін. Түлектер алдағы сынақтардан сүрінбей өтсін! Дендеріңізге саулық тілеймін, болашақтарыңыз жарқын болсын, – деді Айнагүл Сұрағанова.

Биылғы оқу жылында «Алтын белгі» иегері атануға 122 оқушы, үздік аттестат алуға 11-сыныптан – 230, 9-сыныптан – 434 оқушы үміткер болып отыр.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp