Облыстық мәслихаттың кіші залында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамының, республикалық ардагерлер ұйымының және Еуразиялық медиа-форум халықаралық қорының Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырған “Өмір жолы” акциясының аясында облыстық ардагерлер кеңесінің мәжілісі өтті. Ол облыстағы соғыс ардагерлерін жедел байланыспен қамтамасыз ететін “Дабыл түймесі бар” ұялы телефондар тапсыруға арналды.
Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов кіріспе сөзбен ашты. Одан кейін сөз алған Еуразиялық медиафорум халықаралық қорының қызметкері Сабыржан Дәулетияров Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздегі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың барлығына жедел қызмет көрсетуді көздейтін осынау шараның мақсаты мен маңызына тоқталды. Сол сияқты, бұл жайында республикалық “Өмір жолы” акциясы бағдарламасының атқарушы директоры Ернар Нұрбеков кеңінен әңгіме өрбітіп, жедел-жәрдем байланыс құралын пайдаланудың қыр-сыры жайында жан-жақты түсінік берді.
Байланыстың бұл түрінде қарт адамға қажеттінің көбі ескерілген. Айталық, ардагердің көзі көрмей, құлағы естімесе, қондырғыға арнайы дабылдар қойылады. Әдеттегі ұялы телефондарға қарағанда әріптері мен сандары ірі жазылған. Бір басқаннан-ақ байланыс орталығына шығуларына болады. Орталықта өз абоненттерінің толық деректері жинақталады, ал ол көрсетілетін көмек сапасын жақсартады және оның ардагерге жылдамырақ жетуіне ықпал етеді.
Кеңеске қатысқан соғыс ардагерлері Елена Макароваға, Федор Шегловқа, Петр Гладковқа және Степан Башкировқа осы жиын үстінде бір-бірден дабыл түймелері бар ұялы телефондар тапсырылды. Акцияны ұйымдастырушылар облыс аудандарының және қаланың ардагерлер ұйымдары төрағаларын кеңестен соң жеке жинап, оларға техникалық нұсқамалар бергеннен кейін өз ұжымдарындағы соғыс ардагерлеріне тарату үшін телефондар тапсырды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.