«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҒЫС ҰРЛАҒАН ТАҒДЫРЛАР

Екінші дүниежүзілік соғыста әкемнің екі ағасы мен анамның әкесі хабарсыз кетіп, жақындарының жүрегінде өшпес сағыныш пен қайғының ізін қалдырды. Хабарсыз кеткендердің қабірін көзбен көрмегендіктен өлдіге қимай, көңілге ауыр шер орнады. Жылдар бойы үш арысымыздың қай жерде көз жұмып, қай топыраққа жамбасы тигені беймәлім болып келген-тін. Тек соңғы жылдары ғана ізденістіру жалғасып, көпшіліктің көңілінде үміт оты жағыла бастады. Біздің әулетімізге де көп күттірген хабар келіп жетті.

Әкемнің кіші ағасы Айбас Төлешовтің Ленинград түбіндегі Киров қаласының маңында, ал нағашы атамыз Қасым Аяғанов­тың Венгрия жерінде ерлікпен қаза тапқаны анықталды. 2019 жылы Айбас, 2021 жылы Қасым атамыздың мәңгілік мекені та­былған болатын. Бұл деректер көңіл түкпіріндегі дүдамал ойды орнықтырғанымен, ата-анамыз ағалары мен әкесінің өлі-тірісін, қай жерге жамбастары тигенін нақты біле алмай, жүректерінде қатқан шерді арқалап өмірден өтіп кетті. Ардақтыларының мәңгілік мекенін білуді аңсаған ата-анамыздың жан күйзелісі біздің де жанымызға тастай ба­татын.

Соғыстан оралмаған үш ары­сымыздың екеуінің жерленген мекені табылып, жүректегі қай­ғының бір ұшы тарқатылғанды­ғы қуантты. Жетпіс жылдан ас­там уақыт үнсіз жатқан тарих­тың сыры ашылып, біз өлгеніміз тіріліп келгендей күй кештік.

Соғыс – мыңдаған отбасы­ның шырағын сөндіріп, жүрек­теріне қаралы таңба басқан аза­лы күндер. Биыл бүкіл ел болып Жеңістің 80-ші көктемін қарсы алдық. Соғыста қаза тапқан жа­қын-бауырламыздың есімдері айтылған сайын көңілімде сағы­ныш пен өкініштің тозаңындай бір сезім қылаң береді. Ол сағы­нышты әкем мен анамның үнсіз жанарынан көшіріп алып, өз жү­регіме қондырған едім.

Мен – бейбіт дәуірде туған жанмын. Бірақ соғыстың зұлма­ты мен азабын жүрегімен сезін­ген, ағасының суретіне телміріп, үнсіз жоқтаған әкемнің бейнесі­ нен соғыс қасіретін ұқтым. Әкем ағаларын соғысқа аттандырған кезде әлі бала еді. Үлкен ағасы Қабыкен Төлешов 1939 жылы әскерге шақырылғанда әкем бес жаста болған екен. Екі жыл әс­кери қызметте жүріп, сол жақ­тан майданға аттаныпты. Қабы­кен ағамыздан орыс-фин соғы­сына қатысып, барлау бөлім­шесінде қызмет етті деген дерек қалған. Ол офицер шеніндегі жауынгер болған. Сол аласапы­ран заманда Қабыкен ағамыз­дың туған жеріне бір келіп кет­кенін қарындасы Мәкен апай­дан естіген едім. «Ағатайым сом денелі, кең иықты, батыр еді! Омырауында бірнеше орден бо­латын», – деп бауырын мақта­нышпен еске алып отыратын. Кейін Ұлы Отан соғысына қаты­сып, соғыстың алғашқы жылда­ры (нақты жылы, айы белгісіз) қаза тапқан. Қабыкен ағамыздан «қара қағаз» келген. Бірақ тағ­дырдың тезіне түсіп, жетімдіктің қасіретін тартқан әкем ол құжат­тағы деректерді жадына тоқи ал­маған сыңайлы. Мүмкін, жү­регінде үміт сәулесі сөнбей, «бір күні қайтып оралады» деген сенім де болған шығар. Қабыкен ағамыздың қай жерде, қай май­данда ажал құшқаны әлі күнге дейін беймәлім. Ол кісінің әске­ри киімдегі суреті бүгінде әу­летіміз үшін баға жетпес жәді­герге айналған, шаңырақтың төрінде ілулі тұр.

Үлкен ағасынан кейін соғыс­қа аттанған Айбастың мойны­нан құшақтап, «кетпеші» деп булыға жылаған әкемнің дауысы әлі күнге дейін құлағыма есті­летіндей. Айбас ағамыз бойшаң, орасан күш иесі, қолы шебер жан болған деседі. Айбас Төле­шов Ленинград «блакадасы» кезіндегі қырғын соғысқа қа­тысқан. Жерленген жері Ле­нинградтың оңтүстік-шығы­сындағы Нева өзенінің бойын­дағы «Өмір жолы» аталған Ладо­га көлінің жағасында орналас­қан Киров қаласының маңы бо­лып шықты.

Ал олардың арасындағы жал­ғыз қыз Мәкен апамыз өмір бойы әкемді «жалғыз тұяғым» деп бауырына басып өтті. Олар жас болса да, жұртпен қатар тылда аянбай еңбек етіп, Ұлы Жеңіске өздерінің үлестерін қосты. Әкем көп сөйлемейтін, тұйық жан болатын. Бірақ жана­рындағы мұңнан ағаларына де­ген сағыныштың белгісі сезі­летін. Егер соғыс болмағанда олардың балалық шағы басқа арнада өтер ме еді?

2019 жылы Шал ақын аудан­дық әскери бөлімінен Айбас Тө­лешовтің жерленген жері жайлы хабар жетті. Бірақ бұл хабар әкемнің құлағына жетпей қал­ды. Өмірдің заңы сол – әкем жү­регін кернеген сағынышымен бірге 2002 жылы өмірден озған болатын.

Айбас ағамыздың жамбасы тиген жерді тауып, бұл хабардың бізге жетуіне қолғабыс жасаған ресейлік Виктор Московец де­ген азамат. Жақсы жанмен тіл­десіп, алғысымды айтпақ болып хабарласқанымда оның немересі атасының өмірден озғанын айт­ ты. Жатқан жері жарық болғай.

Санкт-Петербургте тұратын немере ініміз Марат Қабайұлы Кировск қаласына барып, төрт мың солдатпен бірге жерленген атасының басына тағзым етті. Ар­тынша қарындасым Ұлжан Жан­гелдіқызы да бабасының зираты­на барып, Құран бағыштады.

2021 жылы нағашы атамыз Қасымның жерленген жері та­былды. Құжаттарда Қасым Аяға­новтың (Сәрсенбин) 1945 жыл­дың 10 ақпанында Венгриядағы ұрыста жараланып, қаза тапқа­ны, Хатван қаласындағы №2 зи­раттағы №33 бейітке жерленгені жазылған. Бұл деректер 1947 жылғы әскери комендатура мәліметтерімен де расталған. Ресей Федерациясының Қорға­ныс министрлігі Қасым Аяға­новтың (Сәрсенбин) есімі бола­шақта Хатван қаласындағы ме­мориалдық тақтаға жазылаты­нын да жеткізді.

Анамның інісі Бүркітбай Ая­ған немересі Жанеркемен бірге Хатванға барып, Қасым атамыз­дың бейітіне туған жерден ала барған топырақты салып, дұға бағыштап қайтты. Сол жерде жүздеген кеңес жауынгері мәңгілік мекенін тапқан екен. Бүркітбай Аяғанның айтуынша, мұндай «жаппай қабірлер» көп адамның өмірін қиған үлкен қақ­тығыста немесе жау шабуылынан кейін пайда болған. Гитлер 1945 жылдың көктемінде Берлинге қарай шегінбес бұрын кеңес әс­керіне қарсы үлкен шайқас ашуға шешім қабылдайды. Бұл опера­ция тарихта «Балатон» деген ат­пен белгілі. Сол шайқаста Қасым атамыз да қаза тапқан. Ол соғыс­қа 1941 жылдың күзінде аттанып, жеңіске үш ай қалғанда Венгрия жерінде ажал құшқаны қандай өкінішті. Әжеміз Бикамал үш ба­ламен жесір қалды, ортаншысы менің анам Сусарлы болатын.

Соғыс қасіреті жанымызды әлі күнге дейін сыздатады. Жа­назасы шығарылмай, бөтен елде қалған майдангерлердің табы­лып жатқан бейіттері, анықтал­ған деректер көңілге аз да болса медеу. Бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған аталарымыз бен аға-апаларымыздың есімдерін ұрпағы ұмытпайды.

Амандық ТӨЛЕШОВ,

Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp