«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҢҒЫ КИНОМЕХАНИК

ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның өркендеген кезеңі. Теледидар мен компьютер бүкіл әлемнің, адамзаттың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінгі таңда еңбектеген сәби де, еңкейген қарт та ғаламтордан өз қажетін тауып, тамашалай алады. Теледидардың өзінде көрермендеріне тәулік бойы фильмдер ұсынатын арналар аз емес. Осылай кино да таңсық болудан қалды. Иә, заман да, адам да өзгерді. Тек өзгермеген біздің Жәнібек ағамыз ғана. Ол әлі күнге көне кино қондырғысын сақтап, бәз баяғыдай елді мекендерге шығып, мұрағатта жатқан қазақ фильмдерін насихаттап жүр. Ол кісінің кино өнеріне деген махаббаты уақытша ғана қызығушылық болып қалмай, өмірлік сүйікті ісіне айналған. Жәнібек Қапезов – Шоқан Уәлиханов ауданындағы Ақбұлақ ауылының тумасы.

– Жәнібек аға, кино қоюмен қай кезден бастап айналысып келесіз?

– Мен 1973 жылы Қарағанды қаласындағы арнайы киномеханиктер даярлайтын училищені аяқтадым. Сол уақыттан бері қондырғыммен солтүстік өңірдегі ауыл-аймақты шарлап жүрмін. Әсіресе, балабақшалар мен мектептерге, қарттар мен жетімдер үйлеріне жиі барып тұрамын.

– Ескі қондырғы арқылы көрсетілетін фильмді кішкентай бүлдіршіндер мен қариялар қалай қабылдайды?

– Әрине, өсіп келе жатқан буынға бұл өте қызық дүние болып көрінеді. Таңғажайып әлемге тап болғандай мультфильмге ғана емес, экраннан көрсетіліп жатқан әрбір іс-қимылға, дыбысына зейін қойып бақылайды. Ал қарттар үйіндегі көрермендер бұл құрылғыны біледі. Өйткені, олар жас кездерінде талай фильмді осы қондырғы арқылы көрген. Төбе көрсетсем болды, кішкентай балалардай қуанып, залға асығады. Сол фильмдерді сағынады. Келесі жолы осындай фильмді әкелші деп тапсырыс беретіндер де бар .

– Ал фильмдерді қайдан аласыз?

– Қарттар тапсырған фильмді табу оңай емес. Алысқа бара алмаймын. Петропавл, Арқалық және Қостанай қалаларында “Кинобейне қорын пайдалану және сақтау жөніндегі орталық” деген коммуналдық мемлекеттік мекеме бар, соларға хабарласамын, әйтеуір табуға тырысамын. Осылай жеке қорым біраз фильммен толықты. Олардың арасында “Қазақфильм” киностудиясында түсірілген фильмдермен қатар, кеңес өкіметі кезінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленген туындылар да бар. Ш. Аймановтың “Алдар Көсе”, “Тақиялы періште”, М. Калатозовтың “Летят журавли”, басты рөлде С. Бондарчуктің өзі ойнайтын “Судьба человека”, Ш.Аббасовтың “Ты не сирота”, Б. Кимягаровтың “Хасан Арбакеш” фильмдерін қайта-қайта көргісі келетіндер көп.

Мені шалғайдағы жетімдер үйінің меңгерушілері, директорлары әбден танып алған. Қам-көңіл балаларға аз да болса қуаныш сыйлауға тырысып, Ш. Бейсембаевтың “Арман – атаман”, А. Қарсақбаевтың “Алты жасар Алпамыс”, “Менің атым Қожа” секілді фильмдерін ұсынамын. Міне, осылай адамға қуаныш сыйлау мамандығымның арқасында іске асып жатады.

– Осындай бейнеті көп істің қайтарымы қалай?

– Жас кезімде табыс табуды көбірек ойлайтынмын. Қазіргі уақытта зейнетке шықтым. Енді бұл кәсіп маған ермек сияқты. Бірдеме түсіп жатса, қалтама баспай жетімдер немесе қарттар үйіне беремін. Жақында ғана психолог мамандармен, медбикелермен бірігіп, жастарды нашақорлықтан сақтандыру мақсатында Р. Нұғмановтың “Ине” фильмін көрсеттік.

– Сіз жайлы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының М.Соловьева шеберханасында тәлім алған студенттер А.Сәтбекова мен Ф.Әсерханов қысқаметражды деректі фильм түсірген екен. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз.

– Иә, ол фильм 2013 жылы түсірілді. Көрші ауылдан Алматы қаласында режиссерлікке оқып жүрген бір қыз бар екен. Мен туралы естіген болуы керек, ауылға келіп “Сіз жайлы деректі фильм түсіргім келеді. Бұл деген таңғаларлық жаңалық қой. Кешікпей шығармашылық топты алып келемін” деп кетті. Сөйтіп, “Последний киномеханик” атты қысқаметражды деректі фильм түсірілді. Кейін ол фильм, үшінші халықаралық “Бастау – 2013” кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында көрсетіліпті. Кинофестивальдың студенттік фильмдер конкурсының қазылар алқасы А. Сәтбекованы “Ерекше талғам” аталымы бойынша марапаттапты. Қуанып қалдым. Фильм маған да қатты ұнады.

– Уақытты кейінге шегерсе, осы мамандықты қайта таңдар ма едіңіз?

– “Армансыз адам қанатсыз құспен тең” деген мақал бар ғой. Киноны насихаттап қана қоймай өзім де түсірер едім. Халықтың алғысына бөленгенге не жетсін?! Кейде әр кездері ескі қойын дәптеріме түскен көрерменнің жылы пікірлері мен ұсыныстарын оқып, бір жасап қаламын. Киноның құдіреті керемет қой. Соған аз да болса, қатысың бар екенін сезінудің өзі бір бақыт!

Назгүл АҚШАЛОВА,

Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp