
Биыл облыстың орта мектептерін 4059 түлек, 9-сыныпты 6846 оқушы бітіреді. Соған орай 25 мамыр күні Қызылжар өңірінің барлық мектептерінде мерекелік шара өтті. Петропавлдың №4 орта мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.
Ауа райы соңғы қоңырау мерекесін ашық аспан астында өткізуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан №4 мектеп ұжымы осынау шараға оқу орнының спорт залын лайық көріпті.
Осыдан 40 жыл бұрын салынған 1010 орындық ғимаратта 720 шәкірт білім-тәрбие алып жатса, оны биыл 33 түлек бітіргелі отыр.
– Біздің елімізде балалар үшін соңғы қоңыраудың орны ерекше. Бүгінгі күн, әсіресе, алтын ұя – мектебімен қоштасатын түлектер үшін аса қымбат. Биыл 71 мыңнан аса солтүстікқазақстандық оқушы кезекті оқу жылын аяқтап отыр. Ал олардың 4069-ы жаңа өмірге қадам басады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруды жастармен байланыстырады және Сіздердің оқуларыңыз бен өсулеріңіз үшін барлық қажетті жағдайды жасайды. Сіздердің зор жетістіктерге жетіп, өз еліміздің лайықты азаматы болғандарыңыз біз үшін өте маңызды. Сіздердің алдарыңызда Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру сынағы тұр. Одан абыроймен өтіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы ұстаздар қауымын, түлектердің және олардың ата-аналарын айтулы күнмен құттықтады.
Мектеп директоры Ғафура Бөстекова өскен ортаның тарихын білу, болашақ үшін еңбектену, азамат деген ардақты атқа лайық болу өмірлік мақсат екенін айта келіп, түлектерге ақ жол тіледі, осынау мерекелік салтанатты ұстаздар ұжымымен бірге бөлісіп отырған өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Рауза Әлиева 11 жыл білім берген оқу ордасына алғыс арнаса, мектеп түлектерінің ізбасарлары – 1-сынып оқушылары аға-әпкелеріне құттықтау жолдап, түрлі ұлттық киімде киінген оқушылармен бірге мың бұрала биледі.
Мектеп бітірушілер өз кезегінде терең білім беріп, болашаққа деген сенімді ұялатқаны үшін ұстаздарына алғыс арнады. Олардың орындауындағы мектеп вальсі де ерекше әсерлі болды.
Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі мектеп жанындағы 100 балаға арналған “Қарлығаш” шағын орталығын, оқу орнының кабинеттерін аралады. Биыл даярлық сыныбында 45 бүлдіршін, ең алғашқы қазақ сыныбында 7 оқушы білім алыпты. Мектептің жазғы ашық шағын футбол және жеңіл атлетика алаңдары да талапқа сай жабдықталған.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.