
Елімізде төтенше жағдай аяқталғандықтан, карантидік режім де кезең-кезеңмен жеңілдетілуде. Осы орайда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб отырысында мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жандандыру туралы шешім қабылданды. Бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баспасөз мәслихатында баяндады. Алдымен жұмысқа барып жүрген ата-аналардың балалары қабылданатын болады.
Мұндай балалар үшін кезекші топтар 13 мамырдан бастап жұмыс істей бастайды. Әр топта 15 баладан артық болмауы тиіс.
Қалған балалар 18 мамырдан бастап қабылданады. Бүгіннен бастап психологиялық-педагогикалық коррекция (түзету) кабинеттері мен аутизм орталығы өз жұмысын бастады.
Қосымша білім беру ұйымдары (үйірмелер), дамыту орталықтары штаттық режимде 18 мамырдан бастап жұмыс істейтін болады.
Ал мектептер мен колледждер қашықтан оқытуды жалғастырады.
– 18 мамырдан бастап 1-10-сыныптарда арасында тоқсан бойынша жиынтық бағалау және 11-сыныпта бақылау жұмыстары өтетін болады. 25 мамырда оқу жылы аяқталады. Соңғы қоңырауға арналған мерекелік жиын бұл күні болмайды. Екі шараны біріктіруге шешім қабылданды. Соңғы қоңырау мерекесі және аттестаттарды тапсыру 3-4 маусымда өткізілетін болады.
Бұл ретте іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында және ашық ауада қонақтардың шақырылуынсыз тек түлектердің қатысуымен, санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру кезінде түлектерге мектеп формасын киіп шығу ұсынылды.
Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында оқу жылының аяқталуы қашықтан жүзеге асырылады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.