«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТҚА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК АРТТЫ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов өңіріміздегі балалар-жасөспірімдер спортының даму барысы туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға ел бюджетінен 3,3 млрд. теңге бөлінген. Аталмыш саланың дамуы инфрақұрылымға тікелей байланысты. Соңғы жылдары спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасы, кадрлық әлеуеті нығайды. Жаңа спорт нысандары тұрғызылды.

– Соңғы бірер жылдың ішінде бірқатар аудандарда көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері тұрғызылып, жаңа үлгідегі спорт ғимараттары пайдалануға берілді. 2019-2020 жылдары өңірде ірілі-ұсақты 107 спорт нысаны салынды. Сондай-ақ, Петропавл қаласы мен аудандарда демеушілердің қолдауының арқасында футбол алаңдары мен жабық хоккей қорапшалары тұрғындардың игілігіне берілді, – деген Сергей Владимирович былтыр спорт мектептерінің жанында 24 бөлімше ашылғанын атап айтты. Жыл соңына дейін тағы 7-еуін құру жоспарланып отыр. Бұл жеткіншектерді спорт түрлеріне баулуға септігін тигізбек.

Тоқсаныншы жылдары облысымызда 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, қазір олардың саны 27-ге жетті. Онда 13 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Ал спорт нысандарының саны екі есеге көбейді. Бір атап өтерлігі, спорттық нысандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Өңірде 9 кәсіби спорт клубы жұмыс істейді, 82 спорт түрі дамыған. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” және “Ауыл – ел бесігі” бағдарламалары аясында 5 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Бес жабық хоккей қорапшасы салынып жатыр.

Солтүстікқазақстандықтар арасында бұқаралық спортты насихаттау ерекше қолға алынды. Спортпен айналысатындардың санын көбейту мақсатында 269 Мәдениет үйінің 61-і мәдени-сауықтыру орталығы болып қайта құрылды. Мұнда тренажерлар, теннис үстелдері, фитнес және бимен айналысуға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатылған. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті. Қажетті қаражат биылғы бюджетте қарастырылған. Ендігі мақсат – сапалы құрал-жабдықтар сатып алу.

– Балаларымыздың саламатты өмір салтын насихаттап, бос уақыттарын спорт залдары мен алаңдарда өткізуіне жағдай жасауымыз қажет. Ал ол үшін инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастыратын боламыз. Спорт саласындағы кадр тапшылығын шешу мақсатында Петропавлда олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат-колледжі ашылған болатын. Кәсіби жаттықтырушылардың алғашқы легі келесі жылы оқуларын аяқтайды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдеріне бұл мамандарды жұмысқа орналастыру жолдарын қарастыруды тапсырамын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан кейін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов өңірдегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік мәселесі бойынша есеп берді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp