Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданына жасаған жұмыс сапары аясында заманауи спорт кешенінің ашылуында болды. Жобаны 374 млн. теңгеге Ерік Балапанов бастаған «KazFoodProducts» холдингі жүзеге асырған.
«Бизнестің әлеуметтік нысандар салу бастамасы – әлеуметтік жауапкершілік пен мемлекет-жекеменшік әріптестіктің жарқын үлгісі. Бұл – ауыл тұрғындары мен балалардың саламатты өмір салтын ұстанып, бос уақыттарын тиімді өткізуге қосқан үлес», – деп атап өтті облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бұдан кейін өңір басшысы «KazFoodProducts» холдингіне қарайтын бидайды терең өңдейтін «BioOperations» серіктестігінің зауытына барып, «EMC Agro» шошқа кешенін кеңейту жобасымен танысты. Сондай-ақ өңірге инвестиция тарту және ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Chevron» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Тайыншада отбасын қолдау орталығы жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Мұнда қоғам өкілдерімен кездесу өтті. Орталыққа мамандардың жұмысын жеңілдету үшін жаңа автокөлік берілді. Бұл жерде отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіліп, жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі.
Сонымен қатар ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жобалары қаралды. Қазір Булаев топтық су құбыры қайта жаңғыртылып, 4-кезең аясында жаңа су құбырлары салынуда. Бұл жоба шамамен 6 мың тұрғыны бар 14 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – ауданның тұрақты дамуы үшін маңызды қадам.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.