«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУДА

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл әуежайын қалпына келтірудің барысымен, Спорт сарайының құрылысымен танысып, Исмаилов көшесіне төселіп жатқан жолдың сапасын байқады.

Өңір басшысының жұмыс сапары әуежайда болуымен басталды. Онда ұшып-қону жолағының жұмысы барынша қарқынды жүріп жатыр. Мердігер “К-Дорстрой” АҚ жұмысқа шілденің соңында кіріскенді. Жобаның жетекшісі Александр Луценко негізгі ұшу алаңының дайын екенін айтты. Енді оның ені – 40, ұзындығы – 900 метр. 700 метрлік суағар кәрізінің құрылысы аяқталды. Қазір ұшу жолы мен перронда жұмыс жүргізілуде.

– Жұмыстың алғашқы кезеңін 25 қыркүйекке дейін аяқтау керек. Қабылдау комиссиясы жұмысын бастауға тиіс. Әуе компанияларымен жұмысты тиянақтау қажет. Қазан айынан бастап-ақ Астана мен Алматыға әлеуметтік маңызды сапарларды қайтадан қолға алған жөн, – деді Ерік Сұлтанов.

Бұдан кейін облыс әкімі мұз айдыны бар Спорт сарайының құрылысын салудың барысымен танысты. Нысандағы жұмыс аяқталуға жақын. Мұнда қазір мұз қатырылып, жабдықтар орнатылуда. Ішкі әрлеу жұмысы аяқталуда. Спорт сарайының қызметін қазан айында бастау көзделеді.

Ерік Сұлтанов мердігерлерге мұз айдынына жарық беруді әлі де тексеруді тапсырды. “Мұз алаңына жарық көбірек берілсін, тағы да байқаңыздар. 15 қыркүйектің өзінде-ақ сумен шайып, нысанды жылу жүйесіне қосу керек. Қарқынды күшейтіңіздер, екі ауысыммен жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырыңыздар”, – деп тапсырды Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімі, сондай-ақ, ғимараттың кіреберісі мен қоршаған аумағының көркейтілуін байқап көрді.

Өңір басшысының тапсырысы бойынша биылғы жылы Исмаилов көшесінің жолы ресайклирлеу әдісімен нығыздалып жөнделуде. Бұл инновациялық әдіс қала көшелерін қалпына келтіруде тұңғыш рет қолданылуда.

Ерік Сұлтанов учаскедегі жұмыстың барысымен танысты. Барлығы 400 метр жолды жөндеу көзделуде.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp