
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралаған кезде жаңадан салынып жатқан Александр Винокуров атындағы Спорт сарайына арнайы ат басын тіреді.
“Вилена” ЖШС-нің учаске басшысы Азамат Анафин құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталғанын баян етті. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, терезелер орнату жұмыстары жүргізіліп, 2 мың шаршы метрден асатын аумаққа сумен жабдықтау және мұз айдыны құрылғысына арналған жабдықтар орнатылу үстінде.
Облыс әкімі бас мердігерге сапасына нұқсан келтірмей, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Қарқынды арттыра түсу қажет. Шатырын жабуды аяқтап, әрлеу жұмыстарына баса назар аударған жөн. Жұмыс комиссиясының актісіне 20 тамызда қол қойылуға тиіс. Біздің хоккей командамыз алғашқы ойындарын сырт алаңдарда өткізіп, сосын осында өнер көрсететін болады, – деп атап айтты Ерік Хамзаұлы.
Жоба бойынша Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы үш функционалдық блоктан тұратын болады: жеңіл атлетика алаңы, жабық мұз айдыны және велосипедшілер мектебі. Мұнда спорттың бірнеше түрінен жаттығулар өткізіледі деп жоспарлануда. Әмбебап спорт залы 500 көрерменге, ал мұз айдыны 1000 орынға шақталған. Ғимараттың жалпы аумағы 11 мың шаршы метрден асады. Жобаның құны 3 млрд. теңгедей. Нысанды үстіміздегі жылы күзде пайдалануға беру жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.