«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ САРАЙЫ САЛЫНУДА

Әр елдің басты байлығы – ол сол жерді мекендеген халқы. Ал дені сау ұлт – ел болашағы. Осыны атап көрсеткен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұқараның кем дегенде 30 пайызын спортқа тарту жөнінде міндет қойған болатын. Ол үшін, әрине, бұқаралық спорттың материалдық-техникалық базасын барынша нығайту керек. Игілікті істен біз де шет қалып отырған жоқпыз. Оған облыс орталығында құрылысы биыл басталған Лондон Олимпиадасының чемпионы, белгілі велошабандоз, жерлес спортшымыз Александр Винокуровтың атындағы Спорт сарайын мысалға келтіруге болады.

Мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар нысанның құрылысына ел қазынасынан 2,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Келер жылдың тамызында іске қосылатын кешен балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік берері сөзсіз.

Қаланың кіреберісіндегі Жамбыл көшесінің бойында салынып жатқан Спорт сарайының жалпы аумағы 11 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілдесінде басталған болатын. Оны жүргізуші – елордалық “Велена” серіктестігі. Нысанда 60 адам еңбек етуде. Құрылысшылар қазір ғимараттың мұз айдыны орналасатын бөлігінің тіреулерін қойып, шатырының белдіктерін салуда. Ол аяқталысымен қабырғаларын жабу жұмыстары басталмақ. Құрылысқа бағана түрінде темірден жасалған жылдам тұрғызылатын құрылғылар қолданылуда. Ал қабырғалары арнайы жасалған сэндвич панельдермен қапталмақ. Заманауи материалдардың барлығы Ресей Федерациясының Огненск қаласынан жеткізілуде.  

Спорт сарайының денін мұз айдыны мен жеңіл атлетика және 400 орындық көрермендер залы алмақ. Мұнда одан бөлек спорттың тағы бірнеше түрі шоғырланатын болады. Жоспар бойынша биыл қомақты соманың 1,2 миллиарды игерілуі тиіс.

– Нысанның мұз айдыны орналасатын жағының шатырын жауып, қабырғаларын тұрғызып бітісімен ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Онда басқа бригада жұмыс істейді. Ал мына бригада ол кезде нысанның екінші бөлігінің құрылысына кіріседі. Жоспардан кешеуілдеп отырған жоқпыз. Материалмен қамтамасыз етілуде де мәселе жоқ, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Азамат Анафин.

Әзірге құрылыс алаңында бір бригада жұмыс істеуде. Ішкі әрлеу басталған шақта олардың саны тағы 100 адаммен толықпақ. Құрылысқа тартылғандардың барлығы – жергілікті тұрғындар. Жалақы жағынан туындап жатқан мәселе жоқ. Еңбекақыны атқарылған жұмыс көлеміне байланысты алатындарын айтады.

Жаңа Спорт сарайы үздік спортшылар даярлауға ғана емес, сонымен қатар облыс орталығында байрақты додалар өткізуге де мол мүмкіндік бермек. Ал нобайының өзі көз қызықтырар ғимараттың қаламызды ажарландыра түсері де анық.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp