«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ ШЕЖІРЕШІСІ өз туындысын таныстырды

С. Мұқанов атындағы облыстық əмбебап-ғылыми кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жазушы, спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың “Олимпиаданың алтын маршруты” атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараны облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы ұйымдастырды.

Кітап авторының қатысуымен болған жиынға облысымыздың спорт ұйымдарының жетекшілері, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен додаларда бақтарын сынап жүрген спортшылар жиналды. Кездесу қазақстандық спорттың бүгіні мен ертеңі тақырыбында өрбіді.  

Спортшылардың ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухын көтеріп, елдігімізді əлемге тағы бір рет паш еткен XXX Лондон Олимпиадасында қоржынымызға жиналған жеті қазынадай жеті алтын кездесудің өзегіне айналды. Несіп Жүнісбаевтың кітабы осы Олимпиадаға арналып жазылды.

Жиынның шымылдығын ашқан облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин өңіріміздегі спорттың даму барысына тоқталып өтті.

– Облысымыздағы спорттың даму қарқыны жаман емес. 2012 жылғы Олимпиада ойындары соған дәлел боларлықтай. Қанжығамызды майлаған жеті алтынның алғашқысын жерлесіміз Александр Винокуров ұтып алды, – деді ол.

Жиында сөз алған Қызылжардың маңдайалды спортшысы Маргарита Мукашева Несіп Жүнісбаевтың шығармаларымен көптен бері таныс екендігін айтты.

Көптеген Олимпиада ойындарының жанкүйері, 15 кітаптың авторы Несіп Жүнісбаевтың бұл еңбегін Қазақстанның спорт шежіресі деп атауға толық негіз бар.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp