«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТАТИСТИКА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Кеше С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Статистика күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сала қызметкерлерін өңір басшысының атынан кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектерімен көзге түскен озат мамандарға Солтүстік Қазақстан облысының, Ұлттық экономика министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, “Статистика үздігі” төсбелгісін табыс етті.

– 95 жылдық тарихы бар ұлттық статистика жүйесі бүгінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс атқаруда. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары бұл сала қайта құрылып, жұмысын жетілдіре түсті. Атап айтқанда, орталықтандырылған “е-статистика” бірыңғай жүйесінде ақпарат жинау, өңдеу, сақтау және тарату толық автоматтандырылды. Бірлескен “ҚазСтат” жобасы аясында 79 жаңа статистикалық әдістеме қабылданды. Аталған игі шаралар нақты мәліметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.  

Солтүстік Қазақстан облысының статистика органдарында 143 адам еңбек етеді. Олар 5 мыңнан астам заңды тұлғадан, 3 мың жеке кәсіпкерден, 2 мың шаруа қожалығынан және 15 мыңдай үй шаруашылығынан ақпарат алады. Үстіміздегі жылы статистика органдарына 178 үлгі бойынша 105 мыңнан астам жазбаша және 41 мыңнан астам онлайн режімінде есеп берілді. Солардың нақтылығын, дер кезінде берілуін және жаппай қолжетімділігін сіздер қамтамасыз етіп отырсыздар, – дей келіп, Айдарбек Сейпілұлы статистика органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, оларға зор денсаулық, мол табыс тіледі.

Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыповаға, осы мекемені 1993-1997 жылдары басқарған Алтай Қожахметке, департаменттің бас маманы Людмила Ельцоваға – облыстың Құрмет грамотасын, статистика департаменті еңбек статистикасы және үй шаруашылығын зерттеу басқармасының басшысы Ольга Платоноваға, Есіл аудандық статистика бөлімінің бас маманы Татьяна Фризенге – Алғыс хат, басқарма және бөлім басшылары Сұлушаш Сұлтановаға, Саида Әбділхакімоваға, Ғалия Шәріповаға, Найля Сүлейменоваға Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің “Статистика үздігі” төсбелгісін, бір топ қызметкерге министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.

Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова өзі қызмет ететін органның 95 жылдық тарихына шолу жасап, еңбек ардагерлерінің жемісті істеріне ризашылығын білдірді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp