
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне “Сенім жәшігін” орналастырған болатын. “Jas Otan” жастар қанаты өңірлік филиалының, “Qyzyljar – adaldyq alańy” және университет жанынан ашылған “Sanaly urpaq” жобалық кеңселері бірлесіп қолға алған жобаның мақсаты – студенттердің өтініштерін уақтылы қарап, оқу корпусы мен жатақханадағы “бармақ басты, көз қыстылық” фактілерінің алдын алу.
Мамандардың айтуынша, бір ай ішінде жәшікке тоғыз өтініш түскен. Студенттерді, негізінен, жатақханадағы орын тапшылығы, қоғамдық көлікте жүру ақысын төмендету, білім гранттарын көбейту мәселелері толғандырған. Университет өкілдері анонимді түрдегі өтініштер де ескерілетінін айтуда. Қазіргі таңда жергілікті билікке студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне қатысты ұсыныс әзірленуде.
Сонымен қатар студенттер арасында “Таза сессия” акциясы өткізіліп, жоғары оқу орындарындағы пара алу фактілерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-
қимыл агенттігі облыстық
департаментінің баспасөз хатшысы.