«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТУДЕНТТЕР ШЕРУІ

Студенттер шеруі еліміз бойынша осымен екінші рет өткізіліп отыр. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен “Жас Ұлан” балалар және жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған аталмыш шараны біздің өңіріміздің студенттері де қуанышпен, көңілді ән-күймен, жалынды жігермен өткізді. М. Қозыбаев атындағы университеттің алдындағы алаңда қаламыздағы арнаулы білім беретін М.Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледжінің, медициналық колледждің, темір жол көлігі және қызмет көрсету саласы, құрылыс-экономикалық, сондай-ақ, өнер колледждерінің бірінші курс студенттері жиналды. Олар жақсы оқып, Елбасының жастарға артқан сенімін абыроймен ақтауға ант берді.

Жиынға қатысушы студенттерді облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жамбыл Тасеменов құттықтап:

– Жастарды алға оздыратын бір ғана нәрсе – еңбек. Талмай оқыған, ізденген адам ешқашан елеусіз қалмайды. Менің негізгі мамандығым – педагог. Алайда, бір бағыт бойынша жұмыс істемедім, бойымдағы күш пен құлшыныс, мақсатқа жету жолындағы қыруар еңбек спортпен айналысып, спорт шебері болуыма қолымды жеткізді. Марғасқа Мағжан сенім артқан жастардың баянды болашағына үлкен үмітпен қараймын. Сіздерді еліміздің, тәуелсіз Қазақстанымыздың кемел келешегі деп білемін, – деді.

Аталмыш университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Мүкарам Тайжанова да білім іздеген жастарға сәттілік тілеп, жылы лебізін жолдады.

Жиын барысында “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасымен Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласынан келген Гүлнәр Есбатырова сөз сөйлеп, жастар жайында жазылған өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, өздері оқып жүрген білім ұясының қоғамдық және мәдени өміріне белсене қатысып, жетістіктермен көзге түскен бірқатар студенттерді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанова құттықтап, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Шеру соңында жиналғандарға концерттік бағдарламалар ұсынылып, ол студенттердің би кешіне ұласты.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp