«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«СУБСИДИЯҒА» СУ ЖАҢА ДЖИП АЛҒАН

Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі басшысының 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады.

Мемлекет жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін тауарлы-сүт фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандырып жатыр. Алайда өндірістік кооператив басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген субсидияны заңсыз алған.

Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген.

Нәтижесінде сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды. Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды. Көлікті мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында басқа адамға рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған автокөлікпен жүруге тыйым салынды.

Күдіктіге қатысты сот екі айға «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады. Барлық ақпарат Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты жариялайды.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp