Қара қазанда бүлкілдеп қайнаған еттің иісі мұрынды жарып барады. Арада көп уақыт өтпей Төлен қарттың алдына жамбас, омыртқа, қазы сияқты кәделі мүшелер салынған үйме табақ ет тартылды. Қыстан қалған соғымның сыбағасынан дәм татқан қарт майлы етті орталай турап, қалғанын ауыз үйдегі жастарға ұсынды. Жұмсақ піскен ет желініп, сорпа ішілген соң дастарқан жиналып, қонақтар тарай бастады.
Ыдыс-аяқты жинай бастаған Әсел желінбей қалған етті қайда қоярын білмегендей аңырап тұрып қалды. Осы кезде оның жанына келген енесі табақта қалған етті бөлектеп сала бастады.
– Оны қайтесіз, Ақтөске тастай салмайсыз ба? Майды ешкім жемейді, – деді келіні жұлып алғандай.
– Құлыным, етті далаға тастау обал, – деп қария келініне бардың қадірін білудің қажеттігін түсіндіре бастады. – Тамақты, ас-суды ысырап етпеу керек. Қазақта “Тістем нанның қадірін, тарыққанда білерсің” деген сөз бар. Біз бала күнімізде жоқшылықты көріп өстік. Ішерге тамақ, киерге киім таппай қиналдық. Қазіргідей көп дүние қат болатын. Содан болар, әр нәрсені қадірлеп ұстауға тырысамын. Сендерге де айтарым сол… Барды бағалаңдар, бар екен деп ысырап етпеңдер, – деді көпті көрген ол.
“Қарттар барда қазына ортаймайды” деген осы-ау. Біз жоққа сабыр етіп, барға қанағаттануды дария кеуде, тау мүсін қарттардан үйренуіміз керек. Бірақ қазіргі қоғамдағы молшылықта күн кешіп отырған көп адам бардың қадірін біліп жүр ме? Орынсыз шығын ысырап емей немене? Жалпы, ысырап дініміз бен дәстүрімізде құпталмайтын әрекет. Оны әр адам әрқалай түсінеді. Азық-түлік, денсаулық, тұрмыстық (электр, отын, су), рухани, жан, уақыт ысырабы бар. Өзгесін айтпағанда, азық-түлік ысырабынан қоғам үлкен зиян шегуде.
Адамзаттың данышпаны – Абай атамыз өз заманында еңбексіз табылған дүние-малды орынсыз жұмсайтын дарақыларды сынап, мінеді. Босқа, мақсатсыз қаржы шашатындарды “орынды іске жүріп, ой таппаған, не болмаса жұмыс қып, мал таппаған” деп күйінді. Хакімнің осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын айтқан есті сөзін бүгінде ескеріп жатқан адам бар ма? Бар дейін десең, жиын-тойлардағы аста-төк дастарқандар, келеңсіз көріністер көңілімізді құлазытады. “Жиған-тергенің тойға шашылсын” дейтін қазақ той тойлағанды жақсы көреді. Әрине, қуанышты бөліссең көбейеді. Әрі алыс-беріс болмаса, ағайын-туыс жат болары анық. Сондықтан той қазақтардың арасын жақындастырып тұрған нәзік жіп іспеттес. Әр адам қуанышқа ортақтасқан қонақтарды разы қылу үшін мол дастарқан жайып, ештеңеден де аянып қалмайды. “алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” демекші, олардың көбінің жалған намысқа тырысып, біраз шығынға бататыны да жасырын емес. Десе де, әр нәрсенің өз орны бар. Той тойлаудың жөні осы екен деп, даңғазалық пен дақпыртқа, ысырапшылдыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайтыны ақиқат дүние.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге берген бір сұхбатында “Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет”, – деген болатын. Ел Президентінің осы сөзін әрбір адам өмірлік қағида ретінде ұстанса құба-құп.
Қазақ ауыз әдебиетіне сүйенетін болсақ, бұрындары тойларда халқымыздың салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының кеңінен көрініс тапқанын аңғарамыз. Аттың жүйрігі, мықты балуандар мен өнерпаздар анықталған, ән мен жырға шөлдеген халықтың рухани қажеттілігі өтелген. Сондықтан кезінде қазақ тойлары таланттарды танытудың өзіндік мектебі болды десек қателеспейміз. Қазіргідей тойға келген әншіге уыстап ақша ұстату, ата-енеге торт жегізу, қалындықтың гүл лақтыруы бұрын болған емес. Тыраштанып ақша тауып, оны бір сәтте өте шығатын мағынасыз тойға шашдың жастарға пайдасы шамалы. Қаржысы қалтасына сыймай асып-тасып жатса, тасада жүрген дарындарды танытуға, бұғып жатқан өнерді шығаруға күш салса сол ғанибет емес пе? Жұбайлық өмірге қадам басқан жастарға ұлттық дәстүрдің ұлағатын ұғындырсақ жөн іс. Ескілікті көксеп отырған жоқпын, бірақ біз ұлттық құндылықтарымыздан ажырамауымыз қажет. Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді тұрмысқа енгізсек несі айып? Бүгінде дарақылық пен дақпырт, даңғазалық, ысырапшылдық тек тойға ғана тән емес. Отыз күн оразада да карантин талаптарын ескермей, ауызашар беру, аста-төк дастарқан жаю бәсекеге айналғандай.
– Қалаға көшіп келгеніме көп жыл болды. Жыл сайын ораза айында елдегі әке-шешеміздің басына барып, Құран оқытамын. Биыл да оразада ауылға жолым түсті. Шынын айтсам, көптен бері кісі басы құралған жиында болған емеспін. Дастарқанда құс сүтінен басқасының бәрі табылды. Көңіл шіркін, көк дөнен ғой. Сондықтан іштей мұны ауыл адамдарының кеңдігіне баладым. Бірақ ой елегінен өткізсек, сонша ысырап кімге керек? Дастарқандағы қаншама тағамның ысырап болғанына жаным күйінді, – дейді зейнеткер Әскер Жұмағұлов.
Осы күнге дейін мешіттегі ысырапшылдық жайы да көп қозғалған болатын. Бүгінде осы мәселенің оң шешілгені қуантады. Қайтыс болған адамды жерлеу және азалы ас беруде кейбір дағдылар мен әдеттерге шектеу қойылды. Дін өкілдері о дүниелік болған адамды аттандырарда ысырапшылдыққа жол бермеген жөн дейді.
Құранда “Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді” делінген. Расында да, бұл қазіргі таңда баршаны ойландыратын мәселеге айналып отыр. Кейде жаназаны мейрамханада өткізіп, тойдағыдай асаба жалдап, қаншама адам сөз сөйлейді. Бұл уақытты ысырап ету. Дұғада ысырапқа жол бермеу, дастарқанда салат, жеміс сияқты артық тағамдарды қоюды шектеу үшін ас мәзірі біріздендірілді. Керісінше, Құран оқып, марқұмға жарылқау тілеп, адамның рухын көтеретін ғибратты әңгіме, уағыз, насихат айтылуы керек”, – дей келе қалалық “Нұр” мешітінің бас имамы Азамат Сәрсенов кейде жағдайы жоқ адамдар намысқа тырысып, марқұмның жерлеу рәсімдерін өткізу, асын беру үшін банктен несие алатынын, бұл шариғатта мақұл етілмейтін іс екенін айтты. Дін өкілі 2019 жылы өткен имамдардың форумында ысырапшылыққа жол бермеу, кейбір дағды мен әдеттерді біріздендіру мақсатында зират және зиярат, ас беру мәдениетіне қатысты құжат қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, діни рәсімдер мен кейбір дағды-әдеттердің талаптарын қала, аудан, ауылдағы діни қызметкерлерге насихаттау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, ас мәзірі тәртібінде етті турап әкелу, бауырсақ пен кәмпит, тәтті тоқаш қоюға рұқсат берілді. “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” дегендей, мұндай келеңсіздікке қалада аздап тосқауыл қойылған сияқты. Бірақ ауылдық жерлерде әлі де бұл тәртіпке бағынбайтындар бар. Тіпті, кей жерлерде жыртыс, мата, орамал тарату тыйылған жоқ.
Менің ойымша, ысырапшылдық – бұл ғаламдық проблема. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметтерінде әлемде ысырап болып, бүлінген тағамдар көлемінің құны 15 млрд. тоннаға шыққаны айтылған. Ал сол жарамсыз болып қалған тағамдарға кеткен судың жалпы көлемі Еділ өзенінің жылдық ағысына немесе үш Женева көліне шамалас екен. Ысыраптың қоғамға зиянын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әр нәрсенің шегі бар. Тағам ысырабының алдын алсақ, бәлкім, азық-түлік бағасы арзандап, жасанды тамақ өнімдерінің саны мен қоқыс үйінділерінің көлемі азаяр. Сол себепті кейбір алпауыт елдер ысырапшылдықпен күресті мықтап қолға алған сияқты. Мәселен, Қытай парламенті азық-түлік ысырапшылдығына қарсы күрес туралы заң қабылдады. Енді аспан асты еліндегі мейрамхана иелері тым көп тағамға тапсырыс беріп, алдындағы асын тауыспаған қонақтарға айыппұл сала алады. Мұндай жаза мейрамханаларда да қарастырылған. Заң онлайн өмірді де назардан тыс қалдырмайды: блогерлерге бір отырғанда бір килограмм тамақ жейтін челлендждерді түсіруге тыйым салды. Мұндай бейнежазбаларды түсіріп, таратқаны үшін авторға 100 мың юань (6 миллион теңгеден астам) айыппұл салынуы мүмкін. Қытай ысырапшылдықпен күресті осылай бастады. Тәртіпке бағыну – еркіңнен айырылу емес. Ал тәртіп бар жерде тірлік те тиянақты болады.
Той жасауды, ысырапшылдық өткізуді қалыпты жағдай деп қабылдауға бейім біздің елде де осындай игілікті жұмыстарды қолға алу қажет секілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.