Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбілхан Қастеевтің 115 жылдығына орай көрме ашылды.
Мұражайда қылқалам иесінің құнды еңбектері сақталған. Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге туған жері мен өскен елін асқан махаббатпен суреттей білген біртуар дарын. Көрме сөрелеріндегі “Жайлауда”, “Колхоз қырманы”, “Алматы көрінісі”, “Сүйінбай”, “Жоңғар таулары”, тағы басқа атақты туындылары көрерменге кеңінен танымал. Әбілхан Қастеев Сүйінбай Аронұлына арналған кескіндеме портретін өмірінің соңғы жылында, 1972 жылы салған екен. Ал “Жайлауда” атты картинасында туған жердің әсем табиғатын зор шабытпен бедерлеген. Көпшілікке ой салатын “Натюрморт”, “Жер жырту” сияқты акварель суреттері эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аудартады. “Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге патриотизм тақырыбында көп еңбек еткен жан. Қылқалам иесі қолөнерге, сурет салуға жастайынан бейім болған. Көрмеге мектеп оқушыларын шақырып, осындай ұлы тұлғалар арқылы олардың сурет әлеміне деген ықыласын оятуға үлес қосуды көздеп отырмыз”, – дейді мұражай қызметкері Жібек Жүзенова.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.