Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өңір суретшісі, архитектор Александр Листопаднийдің шығармашылығына арналған “Туған өлкем – Қызылжар” тақырыбындағы онлайн-көрме әлеуметтік желілер арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. 60 жылдан астам уақыт бойы қылқаламын серік еткен жерлесіміздің қорында Қызылжар өлкесінің сұлу табиғатын, әсем келбеті мен бай тарихын суреттейтін 40-тан астам еңбек бар.
Александр Иванович ақ қайыңдар өлкесінде, қазақ халқының арасында туып-өскенін үлкен бақытқа балайды. Суретшілік өнерге деген ықыласын арттырып, өнер әлемін ерекше ұғынуға үйреткені үшін қазақ ұлтына алғыс айтудан жалықпаған қылқалам иесі өз ризашылығын еңбектері арқылы да жеткізуге тырысады. Мәселен, онлайн-көрмеде автор өзі сөз еткен “Начало” және “Фэнтези” деп аталатын картиналарында халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін дөп басып көрсеткен. Ал оның Қызылжар өлкесіне арнаған туындыларында өткен ғасырда көрікті жер атанған көшелер мен ғимараттар суреттелген. Әр картинаға мұқият көз салсаң, тура сол уақытқа, сол кезеңге енгендей күй кешесің.
Александр Листопадний Архитекторлар одағының мүшесі ретінде біраз еңбек атқарған. Оның бұл тақырыптағы жобалары бойынша Ресейде көрме өткізілген. Қызылжарда жұртшылық назарына автордың “Родом из детства”, “Ақ қайыңдар өлкесінде” атты көрмелері ұсынылған. “Менің еңбектерімнің арасында дін, этностар арасындағы татулық, бірлік тақырыбында жазылған картиналар баршылық. Ата-анамды Қазақстанға жер аударғанда оларды қазақ отбасы құшақ жая қарсы алып, көмегін аямапты. Сондықтан мен оларға деген құрметімді аталмыш тақырыптар арқылы көрсетуге тырысып келемін. Солтүстіктің табиғаты қандай тамаша! Ол туралы сурет салмау да мүмкін емес”, – дейді суретші.