Өңіріміздегі Меңгесер көлінің минералды суына шомылып, көптеген дертке шипа балшығы үшін арнайы баратындар саны жылдан-жылға артып келеді. Облыс орталығынан 80 шақырымдай қашықтықта орналасқан тұзды көлге оның қасиетін білетіндер шілде айының ортасынан бастап ат басын бұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлге шілденің ыстығы 30 градустан асқан кезде келу керек. Осы кезде экологиялық таза тұзды суда ғана болатын шаяндар су бетіне көтеріледі. Бұл көлдің емдік қасиеті молайғандығын білдіреді.
– Меңгесердің балшығы күкіртті-сутекті. 1988 жылы жергілікті жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары көлдің кейбір аумағына зерттеу жүргізді. Химиялық-физикалық көрсеткіштері бойынша көлдің суы мен балшығы Ставропольдегі – Тамбукан, Қорған облысындағы – Медвежка, Новосібір облысындағы Карача және Горькое көлдеріне ұқсас. Израильдегі Өлі теңізбен де салыстырып жатады, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің география және экология кафедрасының профессоры Наталья Белецкая.
Мамандардың айтуынша, Меңгесердің балшығы көптеген дертке шипа. Соның ішінде сүйегі сырқырап, балтыры сыздағандарға, остеохондроз, омыртқа буындарының қабынуы, остит, миозит, бурсит сияқты буын-сүйек ауруларына ем. Бұдан басқа жүйке жүйесінің ауруларына, асқазан-ішек жолы, бүйрек, тері ауруларына қарсы қолданылады екен. Алайда, жүрек-қан тамырлары ауратындарға, екі жасқа дейінгі нәрестелерге, ауруы асқынғандарға, екіқабат әйелдерге, қатерлі ісігі барларға балшықпен емделуге тыйым салынған.
Жалпы Қызылжар өңірі шипалы балшығы мен минералды суы бар көлдерге бай. Олардың онға жуығы ғана зерттеліп, емдік қасиеті дәлелденген. Бұл тұзды көлдердің адам ағзасына орасан зор пайдасы болғанымен, жағасы жайлы мекенге айналмауда. Жабайы жағажай күйінде қалған көлдердің қадірін қашан түсінеміз?
Қазіргі таңда Меңгесер көліне демалып, емделу үшін күніне 500-дей адам барады. Ел ішінде емдік қасиетімен ғана емес, суының мөлдірлігімен, тазалығымен танымал көлдің жағасында туризмді дамыта алмай отырғанымыз өкінішті. Өзге елдерде осындай көлдер туризмнің інжу-маржаны атанып отыр емес пе?! Іскер азаматтар көлдің маңында сазбалшықпен емдейтін шағын емдік шипажай ашып, сервистік қызмет көрсету түрлерін ұйымдастырса пайдаға кенелер еді. Амал нешік?!
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.