
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы құтқарушыларды су басу қаупі жоғары елді мекендерге жіберу жөнінде шешім қабылдады. Өзен-көлдердің жанында орналасқан 92 елді мекен қатаң бақылауға алынды. Бұл ауылдарда он мыңға жуық тұрғын бар. Атап айтар болсақ, Есіл, Шат, Шағалалы, Сілеті өзендері мен Үлкен Тораңғұл көлінде су деңгейі көтерілер болса, елді мекендерге қауіп төнеді. Осыған орай департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жасағының мамандары аталмыш аудандарға жіберілді. Әр топ 6 мотопомпамен және 4 қайықпен қамтамасыз етілді.
Уәлиханов, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жүрген жасақ өкілдері өзен-көлдерге мониторинг жасап, тасқынның алдын алуға жұмылдырылады. Ауылдарға су кіру қаупі туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізеді.
Биылғы көктемгі су тасқынының алдын алу және оның зардабын жою жұмыстарына облыс бойынша азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жұмылдырылатын болады. Жасақтың жеке құрамы екі мың адамнан тұрса, оған барлығы 1,5 мың техника бекітілген. Олардың еншісінде 345 су сорғыш техника мен 122 жүзу құралы бар. Жуырда департамент өкілдері Айыртау, Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың су басу қаупі жоғары елді мекендерін аралап, тұрғындарға жадынамалар таратты.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.