«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ БАСЫП ҚАЛУ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ

Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасына 78 миллион 840 мың текше метр су толуынан Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзені алқабында орналасқан Қаратал, Қулыкөл және Береке елді мекендерін су басып қалу қаупі төнді.

Оқиға орнында аудандық жедел штаб құрылып, ауданның шұғыл әрекет ету жасақтарының құралдары мен күштері тартылды. Жоғарыда аталған елді мекендердің тұрғындарына тасқын су жайында хабарланды.

2 сәуір күні Қаратал ауылының тұрғындары (176 адам) автокөлікпен Қулыкөл ауылына, ал Қулыкөл ауылының шетінде тұратын 166 тұрғын орталыққа қарай көшірілді. Көшірілгендер өз туысқандары мен мектепке орналастырылды. Тамақтану да ұйымдастырылды.

2 сәуір күні түнгі сағат 23.00-де Қулыкөл ауылына 4 техникамен қаруланған аудандық жедел әрекет ету жасағы келіп жетті. Келесі күні таңғы сағат 8.00-де Сілеті өзені қауіпсіз арна бойынша ақты. Елді мекендерді су басып қалу қаупі сейілді. Қулыкөл ауылына бір күн бұрын келген облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев кеңес өткізіп, Қулыкөл және Қаратал ауылдарында топырақты үймеден қоршау жасау және Сілеті өзенінің су деңгейін тұрақты мониторингке алу міндеті қойылды.  

2 сәуір күні облыс аумағында тұрғын үйді су басып қалудың 2 хабары келіп түсіп, олардан су тартып шығарылды. Наурыз айының 19-ынан өңір бойынша 73 тұрғын үйді су басып қалу оқиғасы тіркелді. Барлық жағдайда қар суы сорылды.

3 сәуір күні таңғы сағат 8.00-дегі жағдай бойынша Есіл өзенінің су деңгейінің Новоникольское ауылы (бір тәулікте 32 сантиметр) және Петропавл қаласы тұсында (бір тәулікте 24 см.), оның саласы – Ақанбұрлық өзенінде (бір тәулікте 93 см.) көтерілуі байқалды. Есіл өзеніндегі Сергеевка су қоймасының толу деңгейі 94 пайызды құрады.

 СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp