
Үстіміздегі жылы көктемгі су тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары қаупі ықтимал су айдындарын назарға алып, мониторинг жүргізуде.
Облысымыздың өн бойынан өтетін Есіл өзені – осындай қауіпті айдындардың бірі. Бұл өзеннің бойында орналасқан ондаған елді мекен облыс басшылығы мен департамент құтқарушыларының жіті бақылауында. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандарының айтуынша, Есіл өзеніндегі су деңгейі 5-15 сантиметрге дейін көтерілген. 23 наурызда Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасында су деңгейінің көтерілуі тіркелген болатын. Бүгінде 98,7 пайызға толған гидротораптағы судың биіктігі 792 сантиметрді құрайды. Яғни, 33 сантиметрге артқан. Егер көрсеткіш тағы 8 сантиметрге көтерілген жағдайда, су қойманың жотасынан аспақ.
Өңіріміздегі басқа өзендерде де осындай жағдай тіркелуде. Мәселен, Айыртау ауданындағы Иман-Бұрлұқ өзеніндегі судың деңгейі соңғы тәулікте 89 сантиметрден 275 сантиметрге дейін көтерілді. Мұқыр, Бабық-Бұрлұқ және Ақанбұрлұқ өзендері 5-16 сантиметрге дейін көтерілгенімен, әзірге жағдай тұрақты. Мамандар үстіміздегі жылы бұл өзендер ернеуінен асса, ондаған ауыл мен тасжолдар су астында қалуы мүмкін деген болжам айтуда. Сондықтан өзен-көлдердегі судың деңгейін қадағалау шаралары тәулік бойы жүргізілуде.