«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ДЕҢГЕЙІ КӨТЕРІЛУДЕ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстағы көктемгі су тасқынына дайындық барысы егжей-тегжейлі баяндалды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, су басу қаупі жоғары Айыртау, Шал ақын, Есіл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар жіті бақылауға алынған.
  – Көктемгі су тасқынына дайындық – қазіргі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Қыстың қаһары қайтып, көктем туысымен қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдердің жанында орналасқан 37 елді мекеннің су астында қалу қаупі туындайды. Сол себепті өңірімізде наурыз айынан бастап табиғи апаттың алдын алуға арналған кешенді әзірлік шаралары басталды. Төтенше жағдай орын алар болса, бір мыңнан астам арнайы техника апат орнына шығуға дайын тұр, – деді Рамиль Фаткулович.
Наурыз айының соңы және сәуір айының алғашқы аптасында ауа райының күрт жылынуына байланысты Есіл, Шарық, Ақанбұрлұқ, Бабықбұрлұқ, Иманбұрлұқ, Жембарақ, Қамысақты өзендері, Үлкен және Кіші Тораңғұл көлдері, ойпат жерде орналасқан 45 ауыл бақылауға алынды. Сондай-ақ, қауіпті аймақта орналасқан тасжол учаскелері, көпірлер, су құбырлары мен тораптары бақылауда.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, өңірдегі өзендердегі судың деңгейі соңғы тәулікте 167 сантиметрге көтерілген.
– Үстіміздегі жылы өзендердегі судың тасуы былтырғыдан бір аптаға ерте басталды. Қардың күрт еруі және жауған жаңбырлардың нәтижесінде Есіл өзеніндегі судың деңгейі біртіндеп көтерілуде. Атап айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Есіл өзенінің құймаларындағы судың деңгейі күн өткен сайын көтерілуде. Мәселен, Ковыльное елді мекенінің маңында Ақанбұрлық өзенінің деңгейі соңғы тәулікте 167 сантиметрге дейін көтерілген. Возвышенка ауылының маңында бұл көрсеткіш 154 сантиметрді құрады. Бұл жерлерде мұз кептелісі байқалуда. Ал Гусаковка елді мекені маңынан ағып өтетін Бабықбұрлық өзенінің деңгейі 84 сантиметрге көтерілді, – деді Қымбат Мерғалимова.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp