«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Су тасқынынан зардап шеккен ауылдар заманауи медициналық құрылғылармен қамтылды

Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігі Тайынша ауданына заманауи медициналық құрылғылар – жүректі тексеруге арналған төрт электрокардиография аппараты мен автоматтандырылған қан сараптамасын жасау кешені – қанды зерттеуге арналған гематологиялық анализаторлар әкеліп, аудан басшылығына салтанатты түрде табыс етті.

Елшіліктің бірінші хатшысы Марчин Красински мен екінші хатшысы Стефан Хейнович аудан орталығына жеткізген польшалық «Cormаy» және швейцариялық «Orphee» компанияларында жасалған бұл медициналық кешеннің жалпы құны 16 мың еуроны құрайды. Айта кеткен жөн, үстіміздегі жылғы мамыр айында Польша Сенатының Маршалы Станислав Карчевский бастаған делегация өңірімізге келіп, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының жағдайымен танысқан болатын. Сол кездесуде Сенат Маршалы табиғат апатынан зардап шеккен ауылдықтарға медициналық құрылғыларды сатып алуға көмектесетіндерін мәлімдегенді. Енді, міне, осы мәселе өз шешімін тауып, ауылдықтар аудан орталығына бармай-ақ, заманауи кешеннің игілігін көретін болды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Ержан Иманслям Польшаның Қазақстандағы елшілігінен келген өкілдерге ризашылық білдіріп, бұл медициналық құрылғылар көктемгі су тасқынында зардап шеккен Донецкое, Келлеровка, Озерное, Ясная Поляна, Вишневка сияқты елді мекендердегі дәрігерлік амбулаторияларға жеткізілетіндігін айтты.

– Аталмыш ауылдық амбулаториялардың қызметкерлерін аудандық ауруханаға шақыртып, бұл медициналық құрылғылармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін үйретеміз, – деді ауданның бас дәрігері Анатолий Рафальский.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp