Облыс әкімі Ерік Сұлтанов демалыс күндері су тасқынының ауқымын бағамдау үшін жанына құтқарушыларды және “Қазсушар” РМК филиалының өкілдерін алып, өңір аумағын тікұшақпен тағы бір мәрте айналып өтті.
Өңір басшысы Есіл өзені, қар суы басуы мүмкін жол учаскелері мен елді мекендерді және қауіпті аумақ картасына енген жерлерді басты назарға алды.
Бүгінде Есіл, Аққайың және Қызылжар аудандарында жайылған судың аумағы үлкен. Бұл тікұшақтан анық көрінді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов тікұшақ бортынан суды бұрып, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тиісті ұйымдарға қажетті жерлерге бөгет салуды, арықтарды тереңдетуді тапсырды.
Шал ақын ауданында орналасқан Сергеев су торабында су плотина жотасынан 2 метрге көтерілген. Осы су Сергеевкадан Есіл ауданындағы Покровка ауылына жетіп қалды. Есіл өзені арнасында ол – 70 сантиметрге, Қызылжар ауданының Новоникольск ауылы тұсында 1 метрге көтерілген. Су таяу күндері Петропавл қаласына жетеді деп күтілуде. Облыс әкімі Заречный және Былғары зауыты шағынаудандарын су алып қалу қаупі бар екенін айтты.
– Барлық шаралар қабылданды. Біз қанша үйді су басатынын білеміз. Қауіпсіз жерге көшіру үшін орындар әзірленді. Қажеттілік туған жағдайда тұрғындар жергілікті мектепке көшіріледі. Техника сақадай сай, – деді өңір басшысы.
Бүгінгі таңда Есіл өзеніндегі мұздың көбесі сөгіліп, сең қозғалысы басталды. Петропавл су торабындағы барлық бекітпелер ашылып, су плотина арқылы ағып өтеді деп күтілуде.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
