Мемлекеттің қаржысын, қарапайым азаматтардың несібесін жымқыратын жемқорларға жазасын беретін заңнама қатаңдатыла түсті. Енді жемқорлыққа жол бергендер шартты түрдегі жазамен құтыла алмайды. Әрі жаза басқандардың қасықтап жинаған абыройы шелектеп төгілмек. Оларға мемлекеттік қызметте лауазымдық міндетті атқаруға өмір бойы тыйым салынумен қатар, бар лауазымынан, шенінен, дәрежесі мен мемлекеттік наградаларынан да біржолата айырылмақ.
Жаңа Қылмыстық кодекстегі жаңашылдықтардың енді бірі – бұған дейін парақорлар мемлекетке келтірген шығын сомасын ғана қайтарып, айыппұлдан құтылып келсе, бұдан былай қолды қылған қаржыны бірнеше есе артық етіп қайтаратын болады. Яғни, сотталушы алған параны 50 есе көбейткен кезде шығатын соманы төлеуі міндетті. Немесе белгілі бір лауазымды атқару, болмаса белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмақ. Мәселен, 100 мың теңге қаржыны қолды қылған адамға бұл қылмысы үшін параның 50 есе көбейтілген мөлшерінде, яғни 5 миллион теңге айыппұл салынады немесе басқа да тиісті жазалау шаралары қарастырылатын болады.
Егер пара бопсалаушылық жасау, алдын ала келісім бойынша ұйымдасқан топ құру арқылы, ірі көлемде бірнеше рет алынса, сот пара мөлшерінің 70 есе көбейтілген мөлшерінде айыппұл салады немесе 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, аса ірі көлемде пара алғандар 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, алған парасын 80 есе көбейткенде шығатын соманың айыппұлын төлемек.
Жаңа Қылмыстық кодексте қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған, сондай-ақ, орындалмаған жұмысқа есепшот-фактурасын беру, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану сияқты заңсыздықтарға барған адамдарға қолданылатын қылмыстық жауапкершілік те қатаңдатылды.
Өткен жылдың 11 айында облыс бойынша 69 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелген екен. Жаза басып, мемлекетке шығын келтірген әкімдіктердің, құқық қорғау, салық органдарының, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларының, әділет, көлік басқармаларының қызметкерлері тиісті жазасын алды. Ал биылғы жылдың 11 айының ішінде ел қазынасына қол сұғудың 72 фактісі тіркеліп отыр. Олардың арасында 3 ауыл әкімі, 8 құқық қорғау органының қызметкері бар. Жегі құртты жою жолында жасалған жаңа заңның нәтижесін биыл көретін боламыз.
Бүгінде прокуратура органдарында адамдардың кез келген уақытта өз проблемаларымен жүгінулеріне барлық жағдай жасалып отыр. Бас прокуратураның Call-орталығы заң бұзушылық туралы ақпарат алып, олар бойынша жылдам әрекет етуге, азаматтарға жедел әрі тиісті ақпаратты беруге жағдай жасауда. Қарыштап дамыған заманның игіліктерінен де прокуратура саласы кенде емес. Бас прокуратураның ақпараттық сервиспорталы арқылы ел тұрғындары кез келген өңірден өзінің өтініш-арыздарын жіберу мүмкіндігіне қол жеткізуде. Мұндай қызметке жүгінгендер электронды талон арқылы өз өтініштерінің орындауын тікелей қадағалай алады. Бұл бірінші кезекте адамдарға қолайлы жағдай жасап, прокуратура жұмысын да жеңілдетіп отыр.
Гүлхан ҚАДЫРАЛИНА,
облыстық құқықтық статистика және арнайы
есепке алу жөніндегі басқарманың
аға прокуроры.