Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің мамандары облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасындағы жемқорлық тәуекеліне қашықтан жүргізілген талдауды аяқтап, қорытындысы жайлы баспасөз мәслихатында хабардар етті.
Талдау жүргізуге басқарманың үш бірдей басшысының «бармақ басты, көз қыстылық» әрекетке барып, ұсталғаны себеп болды. Соңғы факті үстіміздегі жылдың қаңтар айында орын алды. Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы басшысы және бөлім басшысына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік тағып, істің материалдарын сотқа жолдаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, олар қызметтік өкілеттіктеріне кіретін іс-әрекеттер үшін айтарлықтай мөлшерде жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта екі эпизод бойынша жалпы сомасы 650 мың теңге пара алды деген айып тағылды.
Талдау қорытындысында нормативтік-құқықтық актілерді толтыру барысында жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды. Мәселен, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі» туралы Заңға сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік органды бұл жайлы хабардар етуге міндетті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына автожолдарды, инженерлік желілерді күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жатады. Алайда, мемлекеттік органдағы құжаттарға нысандарға күрделі жөндеу жүргізу енгізілмеген. Оның үстіне, нақты қандай жұмыс жүргізілетіні және бұл үшін қандай құжаттар қажет екені көрсетілмеген. Жұмыстың басталғаны жөнінде хабарламау әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Осылайша, өткен жылы облыс орталығындағы нысанға күрделі жөндеу жүргізуге жауапты «Казаэронавигация» республикалық квазимемлекеттік сектор жұмыстың басталғаны жөнінде хабарламағаны үшін 360 750 теңге айыппұл салынған. Айыппұл төлеуге міндеттелген кәсіпорындардың қатарында жергілікті «Солтүстік Қазақстан электр желісін таратушы компания» акционерлік қоғамы да бар.
Сонымен қатар мемлекеттік органға басшылық қызметке бұған дейін әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар тағайындалғаны белгілі болды. Нұрлан Жахин лицензиялау және аттестаттау бөлімінің бас маманын мысалға келтірді. Аталған қызметке тағайындалғанға дейін ол бірнеше рет ескертуден қызметке толық сәйкес еместігі жөнінде ескерт түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
– Содан кейін бөлім басшысы қызметін атқарып жүріп, қатаң сөгіс алғаннан кейін мемлекеттік органнан өзінің қалауы бойынша жұмыстан шыққан. Оның бұрынғы басшының заңға сәйкес келмейтін тапсырмасын орындап, тестілеуге басқа адамдарды өткізгені белгілі болды, – деген Нұрлан Жахин одан кейін тағайындалған басшының да тәртіптік жазаға тартылғанын айтты. Ол алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде қоғамдық орында жүрген. Бірақ басшы қызметіне тағайындалардың алдында жазасы мерзімінен бұрын алынып тасталған. Нұрлан Жахин мемлекетке залал келтіретін «бармақ басты, көз қыстылық» әрекеттері осындай жайттардың салдарынан орын алатынына баса назар аударды.