«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙАҚЫ АЛҒАН ШЕНЕУНІК

Төтенше жағдайға қарамастан сыбайлас жемқорлықпен күрес толастамайды. Тек азаматтарға ыңғайлы болуы үшін жеке қабылдаулар “Skype” қосымшасы арқылы жүргізіледі. Бұл жайлы ведомство бастығы Ернар Баянғазин үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында баяндады.

Тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мақсатында биылғы жылдың басынан бері “Адал көмек” жобасы қолға алынды. Жоба аясында заңгерлер мен адвокаттар, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері халыққа мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тәртібі мен талаптары жайлы ақпараттар беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар төтенше жағдай кезінде де жалғасуда, тек онлайн форматқа ауыстырылды. Тұрғындарды толғандырған маңызды сұрақтардың жауаптары әлеуметтік желі парақшаларында жарияланған.
– Департамент мамандары облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бағытталған жол картасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда. Аталған шаралар жер қатынастары саласында және білім беру гранттарын бөлу кезінде де жүргізілуде. “Бизнесті және инвестицияны қорғау” жобалық кеңсесінің мамандары да жоспар бойынша жұмыс істеуде, – деген Ернар Баянғазин облыста 20 жергілікті және шетелдік инвестормен 160 млрд. теңгенің келісіміне қол қойылғанын жеткізді.
Үстіміздегі жылдың басынан бері экология саласында, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілген. Қаңтар айында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының жауапты қызметкерлерінің заңсыз сыйақы алғаны әшкере болған. Қазіргі таңда қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілген. Ернар Баянғазин аталған мемлекеттік органда мұндай жағдай осыған дейін де орын алғанын атап өтті.
Ведомство бастығының айтуынша, есептік кезеңде 42 қылмыстық іс өндірісте болса, оның 33-ін тергеу аяқталған. Нәтижесінде 29,8 млн. теңге шығынның 8,9 млн. теңгесінің орны толтырылған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp