Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде қол жеткізген ең басты жетістігі – қауіпсіздік пен теңқұқылықты сақтаудың үлгісі саналар елге айналғандығы. Ол мемлекеттің негізін құрайтын байырғы қазақ ұлтының маңайына топтасқан басқа этнос өкілдерінің достық пиғылы мен болашаққа бастар жолды дұрыс таңдаудың арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Жалпы қоғамдық келісім мәселесі – бағзы замандардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан аса өзекті тақырып. Ежелгі үндістердің саяси-экономикалық дамуына талдау жасаған ғылыми трактат “Артхашастрада” нақ осы мәселе көтерілген. Аталған еңбекте: “Мемлекет басшысы үшін ең басты қиындық, қысталаңды зобалаң елдің өз ішіндегі және сыртындағы сергелдеңді берекетсіздік”, – делінген. Бұл айтылған пікірдің қазіргі заманғы мемлекеттерді басқарып отырған басшылар үшін де маңызы зор. Қазақ зерттеушілері әрбір ұлттың өзіне тән ерекшеліктері сақталуы тиіс, оларды күштеп синтездеуге болмайды деп есептейді. Осы пікірді еліміз ұстанып отыр. Кәрістердің қазақ жеріне қалай келгені тарихтан мәлім. Мәселен, менің ата-анам Солтүстік Қазақстан облысына 1937 жылы келген. Бір жылдан кейін мен тудым. Ата-анамның айтуынша, оларды жергілікті халықтың үйіне қоныстандырған. Күздің қара суығында аш-жалаңаш келген кәрістерді жылы шыраймен қарсы алған. Сол отбасыларда қысты өткізгеннен кейін, келер көктемде баспана беріліпті. Әрине, кәрістер еркін жүріп-тұра алмады. Үнемі бақылауда болатын. Бірақ, сонда да жан бағу үшін қолдан келетін жұмыстарын жасады, жер тырмалап, көкөніс өсірді. Осылай жергілікті халықтан білмегенін үйреніп, білгенін оларға көрсетіп, ауызбіршілікте өмір сүрді. Қиындығы көп заманда түрлі азапты бастан тартқан қарапайым халық бір-біріне осылай көмектесті. Осы кезде орныққан достық қарым-қатынас еліміз тәуелсіздік алған кезде де өзінің нәтижесін берді. Бүгін біз бір шаңырақтың астында жайлы өмір сүріп отырмыз. Ал Алғыс айту күні – осы бір сыйластықтың белгісі.
Юрий СИМ,
“Қазақстан кәрістері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі.