«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙЛЫҚТАРЫН БАЛАЛАРҒА ТАРТУ ЕТТІ

Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай волейболдан сайыс өтті.

Алаңда Қызылорда, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының қырықтан астам тәртіп сақшылары Ішкі істер министрлігінің кубогын сарапқа салды.

Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында Қостанай облысының командасы жеңістің биік тұғырына көтерілді. Екінші және үшінші орындарға ақмолалықтар мен солтүстікқазақстандықтар ие болды. Жеңімпаз команданың өкілі Сергей Токарев “Үздік ойыншы” атанды. Ал жерлес волейболшы Александр Сулейманов пен ақмолалық Үміт Нәбиев “Үздік шабуылшы” және “Үздік үйлестіруші” аталымдарында жеңіске жетті.

Сайыстың салтанатты жабылу рәсімінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов үздік ойын өрнегін көрсете білген командаларға алғысын айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ішкі істер министрлігінің кубогын табыстап, дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сайыс жеңімпаздары жарыс ұйымдастырушылары сыйға тартқан ұялы телефондарды су тасқынынан зардап шеккен Тимирязев ауданындағы Степное ауылы отбасыларының балаларына табыстады.

Әріптестерінің бұл шешімін екінші және үшінші орынға ие болған командалар да қолдады.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің аға инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp