Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ұстаздар емес, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары өтініш білдіре алады. Аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысқан жиында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова осылай деді. Сондай-ақ, ол бұл ретте өңіріміздің республика бойынша ең төменгі орында тұрғанын тілге тиек етті.
Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова:
– Өңірімізде 2014-2015 оқу жылдары 3710 түлек мектеп бітіреді. Олардың қатарында “Алтын белгіге” – 128, “Үздік аттестатқа” 62 үміткер бар. Облыс аумағында Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін 8 бөлімше, 74 аудитория құрылған. Олардың бірі М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де орналасқан. Ұлттық бірыңғай тестілеудің неғұрлым сапалы өтуін, түлектердің ешқандай кедергісіз сынақ тапсыруын жіті бақылайтын арнайы комиссия құрылатын болады, – деді.
Облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов түлектердің тамақтануы, олардың жатын орны мен жайлы демалысы талапқа сай болуы қажеттігін еске салды.
Облыс әкімінің орынбасары А.Дүйсенова аудан әкімдерінің орынбасарларына Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтың барысын ұдайы назарда ұстауды тапсырды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.