«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫНДАРЛЫ БІЛІМ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Біз білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздеріне сәйкес біліктіліктерін арттыру үшін курстарға келген ұстаздарға бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы екенін түсіндіреміз. Бұл тәсілдің ерекшелігі бағдарламаның мазмұнына енген жеті модуль арқылы іске асады. Мұғалімдер осы модульдермен оқытуға кіріспес бұрын балалардың мінез-құлықтарын зерттеп, білімдерін тексереді. Әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін оның алға жылжуына ықпал етеді.

Ол үшін мұғалім кәсіби түрде өзінің қызметіне сараптама жасай білуі керек. Рефлективті зерттеу жүргізу және мектеп жұмысының тиімділігі жөніндегі талдау деректері – мұғалімнің рөлін бағалайтын маңызды фактор. Заманауи мектепте мұғалім – тәжірибе жүргізуші ғана емес, зерттеуші де. Сондықтан курсқа келген ұстаздарға әрбір жасаған іс-әрекетіне саналы түрде қарап, оны “Не үшін?”, “Қалай?”, “Не күтемін?” деген сауалдарға жауап бере білуге үйретеміз. Өйткені, бағдарламаның негізгі қағидасы тәжірибелік қызметті нақты ғылыми зерттеулердің дәлелденген нәтижелерімен кіріктіру болып табылады.

Жаңа бағдарламалық идеяларға байланысты мұғалімдердің педагогикалық қызметке көзқарастары біршама өзгерген. Оқыту үдерісіне жаңа технологияларды енгізуде сабақты жоспарлау ерекше маңызға ие. Оны деңгейлік курс тыңдаушылары арасында сауалнама жүргізу арқылы анықтадық. Мұғалімдер: “Сабақ жоспарына жиі өзгеріс енгізесіз бе?” деген сұраққа 58%-ы: “иә”, 42%-ы: “жоқ” деп жауап берсе, “Күнтізбелік жоспар көңіліңізден шыға ма?” дегенге 39%-ы: “иә”, 61%-ы: “жоқ”, – деді. Ал “Жоспарлауға өзгеріс енгізудің қажеттілігі бар ма?” деген сұрағымызға 85%-ы: “иә”, 15%-ы: “жоқ” деп жауап берді. Бұдан педагогтердің кәсіби дамуына жаңашылдықтардың тигізген әсерін байқауға болады.  

Бүгінгі таңда мұғалім заманауи педагог ретінде өзгерістің мазмұнын дұрыс қабылдағаны жөн. Яғни, шебер мұғалімнің жұмыс сапасы қоршаған ортаны жақсыға өзгертетіндей болуы тиіс. Ол білім беруге өзгерістер енгізу үшін оның мақсатын, жүзеге асыру жолын, күтілетін нәтижесін, алдағы уақытқа жоспарын айқын білуі керек.

Білім беруге өзгерістер енгізуде ұстаздардың кәсіби дамуына талап қойылады. Ұстаздардың пайымдауынша, бұл талаптар қатарына оқушыны жан-жақты танып білу, оның сұранысына икемді болып, қанағаттандыру, оқыту ортасын үнемі жақсарту, жаңа идеяларды ұсыну, өз қызмет сапасына жауапкершілікте болу жатады.

Яғни, мұғалім сындарлы білім беруге баса назар аударуы қажет. Демек, оқытуда басты назар үйренуші тұлғаға аударылады. Ұсынылған білім тұлғаны өзгерістерге ынталандырады. Шәкірт өз бетімен білім алып, ой-толғаныс жасап, өзін-өзі түрлендіруге тырысады. Сондықтан, бүгінгі таңда сындарлы білім өзекті мәселе болып табылады.

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

“Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты” филиалының деңгейлік бағдарламалар орталығының жаттықтырушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp