«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫНДАРЛЫ ШАҚТА ШЫҢДАЛҒАН ҒҰМЫР

Мичеслав Левкович 1932 жылы 4 мамырда туған. Сол отызыншы жылдары Украинаның Житомир облысының Ярум ауданындағы Корытощи селосы гүлдеген алма ағашындай жайқалатын еді. Мұнда украиндер, поляктар, еврейлер тұратын. Осы шағын селоның тұрғындары өте тату болды, үй шаруашылықтарын ұстайтын, балаларын өсіріп, жарқын болашақты арман етті.

Кенеттен бәрі күйреп сала берді. 1936 жылдың қыркүйек айы ішінде жұрт дереу жолға жиналуға бұйрық алды. Өздерімен бірге бағалы заттары мен киім түйіншектерін ғана алуға рұқсат етті. Шіркін, санадан өшпейтін естеліктер-ай десеңші!.. Жарты ғасыр өткенімен, әлі де маза бермейді… Атпен таяудағы станцияға жеткізді. “Мен онда 4 жасқа да толмаппын. Ештеңені түсінбеймін, бірақ бір қорқыныш сезімі әлі ұмытылмайды. Анамның жылаған жүзі, әкемнің бірден қартайып кеткені есімде. Не үшін? Неге туған үйімізді тастап, көшуіміз керек?”.  

Станцияда бұларды мал сияқты тауарлық вагондарға қамап, пойыз жүріп кетті. Өксік пен қарғыс сөзі араласып, көздің жасы көл боп ақты. “Құдайым-ай, не жаздық соншама?” – деп жылайды жұрт. “Әлде поляк болып туғанымыз үшін кінәлі болдық па?”.

Сөйтіп, не керек, жолда бір ай жүрді. Вагондар адамға лық толы болатын. Оның іші қапырық, ауру мен өлім де бар. Вагондардың торлы терезесінен ақшаңқан әдемі үйлері қол бұлғап қоштасқандай артта қалып жатты.

Бұл адамдар Қазақстанға өз ықтиярларымен келген жоқ. Оларды Солтүстік Қазақстанның алыстағы аудандарына жіберді. Ақыры пойыз тоқтап, вагондар ашылды, түсулеріне бұйрық берді. Вагондардан қотарыла түскен жұрт: “Қазақстан”, “Қазақстан” деп шуласып жатты. Бірақ оларды әй-шайға қаратпастан тосып тұрған көліктерге мінгізіп, станцияға қарай бет алды. Тоқтаған жерлерінің Ново-Сухотино кенті екенін кейін білді. Ер-азаматтардың: “Қандай кең жер, Украинада осындай жеріміз болса ғой”, – деген сөздері естіліп жатты.

Тайынша станциясында машиналар күтіп тұр екен, соларға отырып, жаңа қоныстарына жетті. Ол ағаш арасындағы бір өзекше жер екен. Көзге түсерліктей бірде-бір үй көзге шалынған жоқ, тек алыстан екі ферма ғана көрінді. Кейін білгендеріндей, оларда “Ассакаровшылар” деп аталатын орыс қоныс аударушылары тұрады екен. Жер ауып келгендердің үлкендері үлкен шатырлар тігуге кіріседі, ал көпшілік үйлі-баранды ер-азаматтарға жер үй қазып алуларына кеңес береді. Өйткені, мұнда жаз қысқа, ал қыс Украинадағыдай емес, қатты екен.

1939 жылы әкесі қайғылы қазаға ұшырады. Мичеслав Карловичтің сегізге толмай жатып, үй шаруасын өз мойнына алып, жұмыс істейтін анасының қолын босатып, інісін өзі бағып-қағуына тура келді. Жер ауғандар біртіндеп жергілікті материалға үйреніп, одан үй тұрғызатын болды. Сөйтіп, жаңа жерге енді-енді ғана үйреніп, тұрмыстары түзеле бастағанда соғыс басталып кетті. Он жастағы бала Мичеслав анасы мен інісіне көмектесуге бар жанын салды. Бүгінде осы егде жастағы қарапайым жан: “Егер жергілікті қазақтар көмектеспегенде тірі қалар-қалмасымыз да белгісіз еді”, – деп еске алады.

Шешесі осы ауыртпалықтың бәрін көтере алмай, көптен күткен Жеңіс жылы ауыр науқастан жатып қалды. Сегіз жыл төсекке таңылып, оны бағып-қағу жұмысы әлі бұғанасы қатпаған баланың иығына түсті, сөйтіп ерте есейді.

Соғыс жылдары жұмысты бақташыдан бастаған Мичеслав Карлович жылқышы да болды. Сосын атшы болып Тайынша станциясына астық тасыған да кезі бар. Одан кейінгі жылдары тек механизатор болып еңбек етті. Талай мәрте социалистік жарыс озаты атанып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Соғыс жылдарындағы еңбегі де елеусіз қалған жоқ, оның мерекелік медальдарын алды.

Мичеслав Карлович соғыс жылдары да және одан кейінде де мал бағып, бақташы болды. 1952 жылы Озерное ауылында малшы болып жүрген кезінде Цезария есімді ақжарқын сауыншы қызды жолықтырып, шаңырақ құрды. Бұлар тұрған Летовочное ауылының тарихындағы басты оқиға – тың және тыңайған жерлерді игеру. 1954 жылы наурызда МТС-қа Ленинград, Воронеж қалалары мен Украинаның өкілдері келе бастады. МТС жанында қысқа мерзімдік курстар ұйымдастырылып, 60 тракторшы дайындалды. Солардың арасында Мичеслав Карлович те бар. Сол жылғы наурыз айында бәрі тың далаға бет түзеді. Астық орасан шығып, мемлекеттік тапсырыс жоспары асыра орындалды. 1973 жылы ауданның үздік комбайншысы атағын жеңіп алды. Облыстық партия комитетінің алғыс хатымен марапатталды, 1968 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты.

Мичеслав Карлович 1955 жылдан бері Тайынша ауданындағы Летовочное ауылында тұрады. Бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде оның 12 немересі, 19 шөбересі бар. Өткен жылы зайыбы Цезария Владиславовна екеуі бақытты шаңырақ құрғандарының 60 жылдық торқалы тойын атап өтті. Әдетте, Мичеслав ақсақал өмір жайынан сыр шерткенді ұната қоймайды. “Жұрт сияқты өмір сүрдім, бәрімізге де оңай болған жоқ”,– деп қысқа ғана қайырады.

Татьяна ИСАЕВА,

Летовочное ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp