Баяғыда бір баланы жат жұрт тұтқындап, еліне алып кетіпті. Еліне әкелген соң қой бақтырып қойыпты.
Бала қой бағып жүріп, далада қалған қу бастың қасына келіп: “Сенің арғымақтың басы екеніңді кім білсін, менің Тортай сыншының баласы екенімді кім білсін?” – деп зарлайды екен.
Күндердің күнінде баланың қожасы үш арғымақ әкеліп балаға сынатыпты.
– Бала, мына арғымақтардың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты. Бала:
– Мен білмеймін, әкем білетін еді, – депті.
Мұнан соң бай сәйгүліктерді балаға бақтырып қойыпты. Бала ең тұлпарын танып, жарата беріпті. Бір күні бала тұлпарға мініп, еліне тайып отырыпты. Жат жұрттықтар жабыла қуыпты. Бірақ бала оларға жеткізбей кетіпті. Сөйтіп, ол аман-есен еліне оралыпты.