«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫНЫПТЫҚ ШЕНДЕРІ ЖОҒАРЫЛАТЫЛДЫ

Қадағалау қызметін дамытуға, еліміздегі заңдылық және құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар прокуратура өкілдеріне кәсіби мерекелері қарсаңында еліміздің Бас прокурорының бұйрығымен сыныптық шендер берілді.

Бұл жолы облыс прокуратурасы аппаратының басшысы, әділет кеңесшісі Айман Әбдірованың да аталмыш саладағы ұзақ жылғы еңбегі еленді. Прокуратура органдарында 1994 жылдан бастап жұмыс істеп жүрген қызметкер қадағалаудың қай саласында болса да, еңбекқорлығымен көзге түсіп, 2013 жылғы наурыз айынан бастап облыс прокуратурасы аппаратының басшысы қызметіне тағайындалған болатын.

2006 жылы қылмыстық істер бойынша электрондық қадағалау өндірісін пайдалануды енгізіп, елімізде алқабилердің қатысуымен бірінші болып мемлекеттік айыптауды қолдаған және ұйымдастырушылық құжаттарды дайындаған да Айман Жаңбырбайқызы еді.

Прокуратура органдарында қызмет атқарған уақыт ішінде бірнеше рет Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрықтарымен марапатталған білікті басшыға прокуратура органдарының құрылған күні қарсаңында Бас прокурордың 2014 жылғы 2 желтоқсандағы бұйрығымен атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген сыныптық шеннен бір саты жоғары аға әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, қазіргі уақытта Есіл ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіровтің еңбегі де лайықты бағаланып, кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болды.

Прокуратура органдарына 2002 жылғы тамыз айында келген жас маман Уәлиханов ауданы прокурорының қызметін абыроймен атқарып, өзінің сауаттылығын, орындаушылық қабілетін көрсете білді.

Бұған дейін Бас прокурордың және облыс прокурорының бұйрығымен бірнеше рет марапатталған Ғалымжан Сайранұлына бұл жолы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының биылғы жылдың желтоқсанындағы бұйрығына сәйкес мерзімінен бұрын әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.

Думан ЕСПЕНБЕТОВ,

облыс прокурорының аға көмекшісі, аға әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp