1871 жылы құрылып, даму сатысынан, жаңару кезеңінен өткен өңіріміздің банк жүйесінің тарихы тереңнен тамыр тартады. Кеңес өкіметі тұсындағы басқару қызметі мен қаржы саласын бүгінгі күнмен салыстыруға әсте келмейді. Әлбетте, ел егемендікке қол жеткізген соң банк жүйесі жаңа қарқынмен жұмыс істеді.
Келмеске кеткен кеңес кезеңі мен Тәуелсіз Қазақстандағы қаржы саласының дамуын мұражай жәдігерлері айғақтап тұрғандай. Ширек ғасыр тарихы бар теңгенің төл мерекесі қарсаңында Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалының мұражайында болып, құнды жәдігерлермен таныстық.
Қилы кезеңдерді өткерген банк жүйесінің жұмысы бүгінде бір ізге түскен. Өткен күннің белгісіндей болған мұражайдағы сарғайған суреттер Қызылжардағы банктің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Обатуров, Устюгов, Богданов, Мироновтар өңірімізде банк саласының негізін қалауға атсалысты. Сондай-ақ, облыстық банкті әр жылдары басқарған Алексей Панов, Сейдінқожа Тасболтаев, Мұхамедия Сатыбалдин, Биғозы Қасымов, Жомарт Қажырақымов, Мираш Жұмашев сияқты білікті басшылар еңбек етті.
Үздік қаржыгерлердің табанды еңбегін мұражайдың сөресінде тұрған суреттер мен құжаттар айғақтайды.
Мұражайдың қазығы қағылғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Оның ашылуына мұрындық болған Нина Чернышованың еңбегі елеулі екенін айтып өткен жөн. Саналы ғұмырын банк саласына арнаған зейнеткермен ұжымның байланысы үзілген жоқ. Жәдігерлерді жинақтап, қорын толықтырған еңбек ардагеріне әріптестерінің ризашылығы шексіз.
– Бұрын банк жүйесіндегі қызмет атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Осы бір қызықты дерекке назар аударған Нина Чернышова мемлекеттік банктің тарихына үңіліп, адамдардың тағдыры жайлы тың деректерді жинастырумен айналысты. Оның еңбегі зая кеткен жоқ. Қазір мұражай қоры бай. Бізге қонақтар жиі келеді. Әсіресе, студенттердің ескі ақшаға қызығушылығы ерекше, – дейді Ұлттық банктің облыстық филиалының экономисі Людмила Фоленвейдер.
Маманның айтуынша, ерте кезеңде банк жүйесі мәртебелі мамандықтардың қатарында болған. Сондықтан сала қызметкерлерінің сырт киіміне қатаң талап қойылған. Мұражай сөресіндегі әскери шинельге ұқсас жағалы пальто сөзімізге дәлел бола алады.
Ескі үлгідегі купюралар мен монета, банкноттар да қорда сақтаулы тұр. Абылай хан, әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы сияқты замана заңғарларының бейнелері таңбаланған төл теңгенің алғашқы нұсқалары әркімнің есінде болар. Айналымнан әлдеқашан шыққанымен көзге оттай басылады.
Мұражай қорынан арифмомет, ақша есептеуге арналған “Ятрань”, “Sitizen”, “Аскота” машинкалары, сүргіш мөр, телеграф аппараты орын алған. Аталған аппараттарды кассир мен есепшілер ғана қолданған. Ақша есептеуге арналған “Sitizen” машинкасында жұмыс істеуге мүмкіндік алған Әсем Мұхаметғалиева банк жүйесіндегі қызықты сәттерді еске алды.
– Биыл төл теңгемізге 25 жыл толып отыр. Бұрынғымен салыстырғанда қазір бәрі басқаша. Ширек ғасырда біраз нәрсе өзгерді. Банк жүйесінде жылдар бойы қызмет атқарған аға буынның еңбегі мен есімі ешқашан ұмытылмайды. Құнды құжаттар мен суреттер қойылған мұражайдан көп мағлұмат алуға болады, – деді ол.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.