«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРЛЫ КЕЗДЕСУ

“Аққайыңдар әлемінің аппақ қызы”, 90 жылдан астам тарихы бар қарашаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының мақпалдай қоңыр үнді актрисасы Күнсұлу Шаяхметова туған жеріне келген кезде өнеріне тәнті болып жүрген жас буын өкілдерімен кездесті. 

Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен кездесуге жиналған оқушылар экранның ар жағынан әдемі дауысымен үн қататын актрисамен өткізген екі сағаттың ішінде театр әлеміне экскурсия жасағандай болды. Өзгелерден ерекшеленіп, оқ бойы озық тұратын айрықша харизмасына арбалмау мүмкін емес. Талай тарланнан тәрбие алып, тағдыр жолынан тәжірибе жиған актрисаның ойлары шығыс әйеліне тән даналықтан туатыны анық байқалады. Күнсұлу Тұрғынбекқызының салмақты сөзі мен орамды ойларынан бөлек, әуезді үні құлақ құрышын қандырып, әсем келбеті көздің жауын алады. Содан да болар, оқушылар төрде отырған атақты жерлестерінен көздерін алмай, әр қимылынан сиқыр күткендей сілтідей тынып отырды. Осыны сезген актриса “Балалар, мен еркін отырып, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатамын” деп, сахнадан түсіп, оқушыларға жақындады. Қарап отырып қазақ аруына тән ақылдылығы мен қылықтылығына шын тәнті боласыз. Көркем мінезді Күнсұлу Тұрғынбекқызының өзіндей назды әңгімесін тыңдаған оқушылар сұрақтарын жаудырды. Балалық шағы, өнер әлеміне жасаған алғашқы қадамы, сомдаған рөлдері, сыртқы келбеті, ішкі толғанысы жайлы біраз сыр ақтарған актриса өлең оқыды, ән шырқады. Дауыс – адам баласының жан дүниесінен шығатын жаң­ғырық іспетті. Өнер сүйер қауым Күнсұлу Шаяхметованы Фа­рида Шәріпова секілді ана ті­лінің мәйегі мен уызын ажы­рата білген, кө­рермен-тың­дар­манға ерек­ше әсер ететін ро­манти­калық сары­ны, жан тебі­рен­­терлік әуені бар дауыс иесі деп бағалап жүргені белгілі. Оқушылар ерекше дауыс иесінің алдында өлең оқып, талаптарын бағамдауды өтінді. Жиналған іні-сіңлілерінің арасында дарын иесі бар екеніне шек келтірмеген актриса шеберлік сағатын да өткізді. Актерлік қабілетті қалай дамыту керектігін айтып, өлеңнің әр сөзін жүрекке жеткізіп оқудың сырымен бөлісті. Аудиторияда отырған әр баланы өзіне іш тарта сөйлеп, олармен емен-жарқын әңгіме өрбіткен Күнсұлу Тұрғынбекқызы шектеулі уақытты барынша қызықты және танымды етіп өткізді.
– Бүгінгі кездесу барысында Күнсұлу апайды жақынырақ танығандай болым. Сұлулық пен даналықты бір бойына жиған актрисаның бір қарағанға нәзік, әлсіз көрінетіні рас. Алайда, оның жүрегіне терең үңілген жан рухының биіктігіне куә боладым, – дейді Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті Аида Романқызы. Ол, расында да, өнері мен өмірі бірге өріліп жат­қан акт­риса. Оның өзі ғана емес, көзі де “сөйлеп” тұрады. Бұл, әрине, ерекше қасиет. Әріптестері өз орталарында “Күнсұлу күлсе, күн де күлімдейді” деп айтуының өзі көп жайтты аңғартады емес пе? 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp