Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы филиалдары бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша сыртқы талдау жүргізді.
Атқарылған жұмыс қорытындысы “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен селекторлық кеңесте талқыланды. Оған ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Кеңесте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев баяндама жасады. Талдау барысында нормативтік-құқықтық актілердегі, ұйымдастыру-басқару қызметіндегі өзекті мәселелер анықталған. Әсіресе, мемлекеттік қызметтердің кейбір түрлерінде жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай жасайтын реттелмеген әкімшілік рәсімдердің, дискрециялық нормалардың бар екендігі айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметті көрсетуде, рұқсат беруде және бақылау-қадағалау құзыретін жүзеге асыруда бармақ бастылық, көз қыстылық қаупі басым.
Жалпы жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 33 ұсыным әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және мемлекеттік ұйымдарға анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде хаттар жолданды. Сондай-ақ, аталмыш саланы жетілдіру кезінде экономикасы жоғары дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену жөнінде ұсыныс айтылды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.