«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРЫМБЕТТІҢ ҚАЛАЙЫСЫ сапасымен ерекшеленбек

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен 2015-2020 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму жоспары аясында жүзеге асырылып, Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды қараған өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері, Индустрияландыру картасына жобасын ұсынған кәсіпорындардың басшылары қатысты.

– Бүгіндері елімізде мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында 2015 жылғы 6 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институттық реформаны жүзеге асырудың “100 нақты қадамын” белгілеп берген болатын. Мемлекет басшысы бұл бағытта алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін облысымызда бірқатар жұмыс атқарылу үстінде. Облыстық әкімдік жанындағы үйлестіру кеңесі өзінің отырыстарында Индустрияландыру картасына кіргізу үшін 23 жобаны қарады. Оларды жан-жақты талқылаған өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері сомасы 7,9 миллиард теңге болатын 20 жобаны мақұлдады. Қазір олардың басым бөлігі Индустрияландыру картасы аясында атқарылуда, – деді Ерік Хамзаұлы.

Одан кейін облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жүсіпова Индустрияландыру картасына ұсынылған жобалармен таныстырды. “РимКазАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тез дайындалатын тағам өнімдерін өндіруді қолға алмақ. Кәсіпорын құны 1,1 миллиард теңге болатын жобаны жүзеге асыру арқылы импорт алмастыратын өндірісті іске қосып, қазақстандық үлесті арттырмақ және жаңа 58 жұмыс орнын ашпақ.

Қызылжар ауданының Якорь ауылында орналасқан “Атай СК” ЖШС-нің ұжымы алдағы жылдары 2 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асырмақ, соның нәтижесінде бәсекеге қабілетті, сапалы өнім шығармақ.

Ақжар ауданының Талшық ауылында орналасқан “Малахит Касс-Тал” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлік Қасеновтің айтуынша, оның кәсіпорны шыныдағы минералды су шығару өндірісін жолға қоймақ. Қулыкөл ауылдық округінің аумағындағы табиғи орыннан алынатын минералды су көптеген ауруларға ем болады. Оның құрамындағы минералдық заттардың сапасын тексерген Украинадағы тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығы жоғары баға беріпті. Жалпы құны 63 миллион теңгенің жобасы жүзеге асқанда аудан тұрғындарымен қатар, басқа да елді мекендер де шыныға құйылған сапалы минералды сумен қамтамасыз етіліп, 27 адам жұмысқа орналасатын болады.

Өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері Индустрияландыру картасына “Сергеевка сүт өнімдері” мен “Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобаларын да кіргізу туралы бірауыздан шешім қабылдады.

Отырыста құны 10,5 миллиард теңге болатын құрамында қалайы бар кенді өңдеу жөніндегі “Сырымбет” кенбайыту кешенінің құрылысы жобасы республикалық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды. Кен-металлургия кешені 2018 жылы іске қосылады деп жоспарланған, онда жаңа 500 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобаның мақсаты Орталық Азияда экологиялық стандарттарға сәйкес, барынша тиімді технологияны қолдану арқылы қалайы өндірісін құру болып табылады.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында біздің облыста 32 жоба іске асырылса, оның 27-сі 80 пайыздық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Биыл Индустрияландыру картасы аясында 11 жоба жүзеге асырылды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp