
Әлемдік тендециялардан құр қалмай, соңғы үлгідегі сәнге ілесу – көптің қолынан келе бермейтін іс. Оған “қалың қалтадан” бөлек, үйлесімдікті ұғынып, стильді сезіну керек. Жерлесіміз, италиялық “Scuola Stile” атты сән мен стиль мектебінің түлегі Гүлден Шоқатова осындай пікірде. Шетелдерде білім-білігін жетілдіріп, бүгінде Назарбаев университетінде жұмыс істеп жатқан жас маман елорда жұртшылығына білікті стилист ретінде де жақсы таныс. Оның сән әлеміне және киімді үйлесімді киюге қатысты ойлары оқырманға да пайдалы болары анық.
– Жоғары сәннің көшеден бастау алатынын білесіздер ме? Дизайнерлер тренд жасар алында “coolhunter” деп аталатын (“Керемет заттардың аңшысы”) мамандардың көмегіне жүгінеді. Бұл адамдар халықтың тұрмыс-тіршілігін, көңіл күйін, саяси көзқарасын және ішкі жан дүниесінің сыртқы келбеттеріне әсерін зерттейді. Осы ақпараттың барлығын ойында тоғыстырған дизайнер болашақ коллекциясының реңктері мен пішіндерін ойластыра бастайды. Бұл – заңды процесс. Себебі тың идея болмай, жаңа дүние жасау мүмкін емес. Мәселен, 60 жылдары Англияда бейресми жастар қозғалысының өкілдері – панктердің көп болғанын білеміз. Панктер дегеніміз – кедейліктен, ата-аналарының өмір сүру салтынан шаршаған жастар. Өздерінің әке-шешелері сияқты жұмыс істегілері келмеген жеткіншектер ішкі қарсылықтарын музыка және сыртқы келбетін, киім киістерін өзгерту арқылы көрсетуге тырысқан екен.
Бүгінгі сән әлемінде ыңғайлылық бірінші орынға шығып отыр. Тіпті, киімдерді түс үйлесімділігіне қарай таңдаудың да еш қажеті жоқ. Бір түсті немесе сол түстің түрлі реңкін пайдалансаңыз, жеткілікті. Осылайша киім элементтерін іздеп, уақыт жоғалтпайсыз.
Осы маусымда жайдақ және ыңғайлы өкшелі аяқ киім де жоғары сұраныста. Бүгінде спорттық стильді күнделікті өмірімізде жиі қолданатын болдық. Басы үлкен бәтеңкелер, өкшесі ыңғайлы ұзын қоныш етіктерге де назар аударған жөн.
Соңғы жылдары экоматериалдан жасалған киімдерге бет бұра бастадық. Қымбат тон, теріден жасалған тымақ киімей-ақ, оның лайықты баламасын қолданғанның еш өрескелдігі жоқ. Әрі мұндай киімдер сәнді де жылы. Көптен бері киілмей жатқан киімдерді шығарудың да ыңғайлы сәті туды. Ұзын кардигандар қайтадан сәнге айналды. Жакеттердің ұзындығын қысқартып, белі биік юбкамен немесе шалбармен киген де өте жарасымды.
Жалпы кез келген киімді сатып алар алдында шынымен қажетті заттардың тізімін жасауға кеңес беремін. Ол үшін үйдегі киімдеріңізді қарап шығыңыз. Оларды түрлеріне қарай бөліп, қажет еместерін іріктеп алыңыз. Шопингке ашу үстінде, жабырқаулы көңілмен баруға болмайды. Біреудің сыйға тартқан киімдерін де ала берген дұрыс емес. Анасының, апа-сіңлісінің көңілін қимай, киімдерін алып, шкафты керексіз шүберектермен толтырып қоятын қыз-келіншектерді жиі жолықтырамын. Сыйға тартқан киім ұнамаса, үлкен немесе кішкентай болса, өзіңізде қалдырмаңыз. Киім алғанда оның санына емес сапасына көңіл бөлген абзал. Сапалы киім- кешекті ұзақ уақыт бойы кисеңіз, ал арзанқол бұйымның өңі кетіп, тез тозатынын естен шығармаңыз. Өзіңізге сенімді болып жүруіңіз үшін киімді дұрыс таңдай біліңіз.
Гүлден ШОҚАТОВА,
стилист.