Балалар, ұл балаға қатысты дәстүрлердің ішінен “Сүндет той”, “Атқа мінгізу”, “Тұлым шаш алу” сынды салттармен жақсы таныспыз. Ал “Сырға той” дәстүрі жайында естулеріңіз бар ма? “Сырға” деген сөздің өзі бір оқығаннан-ақ қыз балаға қатысты салттың бірі ме деп қаласың. Ұл балалары қайта-қайта шетінеп, келесі туған ұлының құлағына ырымдап сырға тағып, сол баласы аман-есен ел қатарына қосылғанда жасалатын тойды “Сырға тойы” деп атайды екен.
Ертеде ұлдары шетінеген ата-аналар балаларының оң құлағын тесіп, оған қыздардың сырғасын тағып қоятын болған. Кейін ұлы ел қатарына қосылып, ата-анасының күпті көңілдері орныққанда, қуанышын көппен бөлісіп, той жасап, аузы дуалы адамдардың батасын алып, ұлының құлағындағы сырғасын көптің көзінше алып тастаған. Міне, бұл “Сырға той” деп аталған.