Облыс қазан айының 2-нен бері “қызыл” аймақта. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша елімізде бірінші орында келеді. Пандемия басталғалы өңірде 30,5 мың адам қауіпті инфекциямен ауырған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияның таралуы және вакцинация барысы және қазіргі жағдай туралы өткен брифингте айтылды.
14 қарашада КВИ жұқтырудың 141 жағдайы тіркелді, оның 132-сінде немесе 93 пайызында ауру белгілері бар.
– Соңғы 2 аптада облыста 2143 сырқат тіркелді. Ауру алдындағы екі аптамен салыстырғанда 2071-ден 2143-ке артқан. Соның ішінде Петропавлда ауыру 1,4 есеге, 666-дан 953-ке дейін өсті, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Жақында өңірде 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе егу басталады. “Бастапқы кезеңде КВИ-ға қарсы профилактикалық екпе салу 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерден басталады. Одан кейін кезекпен басқа жас топтарындағы жасөспірімдер – 15, 14, 13 және 12 жастағылар кезекпен егіледі. Қазақстанда жасөспірімдерді егу ерікті түрде және олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің келісімімен ғана жүргізіледі, – дейді облыстың бас санитар дәрігері.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, “Pfizer” компаниясының вакцинасын өңірде 42705 адамға егу жоспарланған.
– Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы білім басқармасының көмегімен ата-аналардың, балалардың заңды өкілдерінің, жүкті және емшекте баласы бар әйелдердің вакцинацияға көзқарасын біліп жатыр. Екпе салдыратындардың тізімі жасалады. Әр емханада осы санатқа жататындарға арналған бөлек екпе пункті құрылады. Сондай-ақ мектептерде көшпелі екпе пункттері жұмыс істейді, – дейді Нұрлан Айманов.
11 қараша күні өңірге “Pfizer” компаниясының 33 мың дана вакцинасы жеткізілді. Бірер күнде екпе егу басталмақ. Қазіргі уақытта өңірде 14 бала стационарда, 158 бала амбулаторлық ем алып жатыр. 646 жүкті әйел вирус жұқтырып, емделіп шыққан. 38 жағдайда болашақ ананың өмірін сақтап қалу үшін жүктілікті ерте кезеңде тоқтатуға тура келген. Өкінішке қарай, дәрігерлер үш сәбидің өмірін сақтап қала алмады. “Әлі күнге дейін қоғам коронавирустың емі жоқ екенін түсінбейді. Бұл инфекция емделмейді. Біз тек оның белгілерімен күресеміз. Біз сырқаттарды стационардан шығарғаннан кейін де олардың жағдайы бір жылға дейін дұрысталмайды. Бірақ мұны отбасында коронавируспен ауырғандар болмаса, көзбен көрмесе көбі түсінбейді. Қауіпті инфекция, ең алдымен, өкпені зақымдайды. Ал ол – адам ағзасындағы өмір сүруге аса қажет негізгі органдардың бірі”, – дейді Нұрлан Айманов.
Облыста қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентін 255 мың адам алды, бұл жоспардың 69 пайызы. Толық курстан 238 мыңнан астам адам өтті. Әлі де 115 мыңнан астам адам екпе алуы қажет. Олардың басым бөлігі – 60 жастан асқандар.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.