Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық төтенше жағдай бөліміне Дружба ауылының 68 жастағы тұрғынын құтқару жөнінде қоңырау түскен. Дружба ауылдық округінің әкімі Дархан Оразов бірден іске кірісіп, денсаулығы нашарлаған ер адамды құтқарудың амалдарын қарастырса да, ауа райының қолайсыздығы көлік қозғалысына кедергі келтірді. Ал қауіпті дертке шалдыққан азаматқа шұғыл ота жасау қажет болды. «Жедел жәрдем» көлігі көктайғақ пен қар құрсауына тап болып, медициналық қызметкерлер діттеген жерге жете алмай қиналды.
№16 өрт сөндіру бөліміне қарасты жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» көлігінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Александр Митринский, аудандық емхана меңгерушісі Виталий Авраменко мен хирург дәрігер Жасұлан Байбосынов қауіпті жолға қарамастан, сырқатты құтқаруға аттанды.
– Көктайғақ салдарынан жолда ұзақ уақыт жүруге тура келді. Бірақ барлық қиындық артта қалды. Діттеген жерге аман-есен жеттік, – деді құтқарушы Александр Митринский.
Сол жерде, науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, кейін ота жасалды.