«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫР ӨҢІРІНЕ САПАР

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қызылорда облысына барып, Сыр өңірінің облыс активімен, теміржолшыларымен және фермерлерімен кездесулер өткізді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов облыс тұрғындары атынан Президентке Арал теңізін құтқару жолында сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді. “Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бөгет салынғанының арқасында су деңгейі 12 метрге көтерілді, ал Арал қаласы мен теңіз арасындағы арақашықтық 100 шақырымнан 20 шақырымға дейін қысқарды. Өңірде балық шаруашылығы қайтадан жандана бастады”, – деді С.Шаухаманов.

Штаб мүшелері вагон жөндеу депосында болды. “Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу” стратегиялық жобасы – темір жол тарихына алтын әріппен жазылған жоба. “Кезінде осы арақашықтықты қосу арман еді. Бүгінде Елбасының арқасында осы арман жүзеге асты. “Сексеуіл-Қоскөл” темір жолы 363 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мен жас маман ретінде Сексеуіл стансасында жас жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйден пәтер алдым. Жаңа магистральдар – Тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі, бұл – Елбасының еңбегі!” – деді жас теміржолшы Нұрлан Өрекешев.

Кездесуде автожолшылар атынан “Қазжол-жоба” ЖШС жұмысшысы Юрий Немченко сөз алды. Ол “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” мегажобасы мен “Қызылорда – Жезқазған” автожолының өңір үшін қаншалықты маңызға ие болғанын айтып берді.

Түстен кейін штаб мүшелері аймақ фермерлерімен кездесті. Олар аграрлық секторға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

“Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары өз болашағына сеніммен қарайды, өйткені, елімізде бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған, аграршылар астық егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Олар ертеңіне сенімді, Елбасына сенеді, себебі, оның саясаты жасампаздық пен табысқа бағытталған”, – деп атап кетті өз сөзінде Жалағаш ауданынан келген фермер Әліби Бекжанов.

(Ресми ақпарат)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp