Мамлют ауданының Меңгесер ауылындағы «Мамбетов және К» шаруашылығының өндірістік базасында «Ұлы дала астығы – 2025» деген атаумен алқап күні өтті. Іс-шара өңірдегі күзгі жиын-терім науқанына дайындыққа арналды.
Бұл басқосуға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, ғылыми қауымдастық өкілдері, аграрлық кеңес мүшелері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен Ресей Федерациясынан келген серіктестер қатысты.
Биыл өңір диқандары 4,3 млн. гектар алқаптың егінін жинап алуы тиіс. Оның 3 млн. гектарын дәнді дақылдар, шамамен 1 млн. гектарын майлы дақылдар алып жатыр. Диқандар алдағы орақтан жақсы өнім күтуде.
– Мемлекеттің қолдауының арқасында мол өнім алғалы отырмыз. Енді алда күзгі ораққа кірісіп, алтын дәнді шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр, – дейді «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко.
Шынында да биылғы жаз шаруалар үшін қолайлы болды. Бұдан бөлек, тыңайтқышты дұрыс қолдану, заманауи технологияларды енгізу, жақсы тұқым себу де аса маңызды.
– Жақсы өнім – егіншілік алқаптарын әртараптандыру, әлеуметтік маңызы бар дақылдардың көлемін арттыру, 340 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу, тұқым мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту сияқты ауқымды дайындық жұмыстарының нәтижесі. Өңірдегі элеваторлар жаңа өнімді қабылдауға толық дайын, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алқап күні аясында қатысушылар заманауи ауыл шаруашылығы техникасы көрмесін тамашалап, әртүрлі дақыл сұрыптары егілген тәжірибелік алқаптарда болды. Селекциялық жетістіктермен, сондай-ақ тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын ұсынушы компаниялардың өнімдерімен танысты.
Алқап күні аграрлық саладағы тың тәжірибе мен даму перспективасын талқылаған семинарға ұласты. Мұнда егіншіліктің тиімділігін арттырып, өнімділікті арттыратын практикалық шешімдерге ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімінің айтуынша, «Ұлы дала астығы – 2025» іс-шарасының өткізілуі Солтүстік Қазақстан облысының елдің аграрлық саласындағы жетекші рөлін айқындайды, тәжірибе алмасуға, инновацияларды ілгерілетуге ықпал етеді, ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ынтымақтастықты нығайтып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ, «Soltüstık Qazaqstan».