
Тағы бір оқу жылы аяқталып, еліміздің түлектері алтын ұя мектептерімен қоштасатын күн жақындады. Биылғы жылы облыс бойынша 3733 оқушы мектепті бітіріп, жаңа өмірге қадам басады. Олардың 112-сі – “Алтын белгіден”, 58-і – үздік аттестаттан үміткер. 2014-2015 оқу жылында Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясын аяқтағалы отырған 40 түлекті соңғы қоңырау салтанатына қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
“Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақтың келешегі үшін білім саласының дамуына зор көңіл бөлуде. Балабақшалар мен жаңа мектептердің салынуы, білім саласында инновациялық жобалардың іске асырылуы – осының дәлелі. Көпэтносты еліміздің гүлденуі мен көркеюі жас ұрпақтың қолында. Тәуелсіз елде туып, білім алып жүрген сіздер ХХІ ғасырда Қазақстанды өркендететін Мәңгілік Ел жастары боласыздар. Президентіміз ел экономикасын жақсартатын, оның өмірін өркендететін өздеріңізге зор сенім артады”, – деген өңір басшысы түлектердің алдағы үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, алға қойған асқақ армандарына жетулеріне тілектестік білдірді.
Биылғы түлектер еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғаларға толы жылы болашаққа қадам басқалы отыр. Соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатта түлектерді ата-аналар атынан Ошақбай Сейтбеков, мұғалімдер ұжымынан мектеп директоры Гүлжан Жақанова, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова құттықтап, ақ жол тіледі.
Осы жылы облысымызда жетпістен астам оқушы халықаралық ғылыми жобалар байқаулары мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Зияткерлік турнирлердің қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық оқушылар жетекші жоғары оқу орындарына оқу гранттарын жеңіп алды. Алдағы оқу жылында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз есігін айқара ашпақ. Бұл зияткер ұрпақтың ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Қаламыздағы жаңа үлгіде салынған қазақ мектеп-гимназиясының түлектері өздерінің ақ армандарын қоңырау бейнесінде жасалған шарға байлап көк аспанға ұшырып, түлектер вальсін биледі. Соңғы қоңырау соғу құрметіне “Алтын белгіден” үміткер түлек Мадина Бозбалаева мен 1-сынып оқушысы, оқу үздігі Ерасыл Қырым ие болды.
Салтанатты шарадан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов білім ошағын аралап, ондағы шағын орталық, мұражай, оқу, спорт залдары, сауықтыру кешені, бассейннің жұмыстарымен танысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.