Аңшылық маусымының басынан бері табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері 11 құқық бұзушылық және бір қылмыстық істі әшкереледі.
Рейдтік шара барысында М.Жұмабаев ауданы ІІБ-нің қызметкерлері Полудино ауылына кіреберісте “Лада Гранта” автомашинасын тоқтатты. Көлік ішіндегілердің құжаттарын тексерген кезде полицейлердің көзіне артқы орындықта жатқан тегіс ұңғылы “ИЖ-54” мылтығы мен буылған үш қапшық түсті. Оларды ашып қарағанда, әлгі қапшықтардан аулауға тыйым салынған сібір елігінің еті табылды.
Қазір полицейлер осы екеуіне қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 298-бабының 2-тармағы 1-тармақшасы бойынша материал жинастыруда. Аталмыш бапқа сәйкес олар 45 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы немесе 600 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Сол сияқты браконьерлердің табиғатқа келтірген залалы үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеулеріне тура келеді.
Бұдан бір апта бұрын Айыртау ауданында да екі браконьерлік фактісі ашылған болатын.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің инспекторы.